419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дариға Назарбаева ЕҚҚДБ президентімен кездесті   

  • 870
  • UPD: 21:00, 03.03.2020

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің экономикасын жаңғырту мен халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарламаларды іске асыруда банктің белсенді қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Даму банкі 27 жыл ішінде құны 9 млрд доллардан асатын 237 жобаны инвестициялаған. Оның ішінде энергия көздерін жаңғырту, әйелдер бизнесін дамыту сияқты маңызды жобалар бар. Алдағы уақытта тағы бірқатар жобаны іске асыру көзделген. Сенат төрағасы әсіресе агроөнеркәсіп кешінін дамытып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін нақты қолдау қажеттігін баса айтты. Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Сума Чакрабарти Қазақстанның Үкіметі мен Парламенті елдегі жобаларды қаржыландыру бойынша банк идеяларын қалыптастыруға ары қарай да атсалысуы керектігін жеткізді. Кездесуден соң Сенат депутаттары алдында банктің атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Бұл жиында елдегі шағын және орта бизнесті дамыту жайы көп қозғалды.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Шағын және орта бизнес бойынша кәсіби сарапшылардың пікірі өте маңызды. Тәуелсіздік жылдары мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауға біраз күш салды. Аз қаржы жұмсалған жоқ. Бірақатар маңызды заң қабылданды. Дегенмен соның бәріне қарамастан, қолға алынған шаралар бұл салаға айтарлықтай тез өсім әкеліп, өзін орта тұрмыстағылардың қатарына жатқызатын адамдардың санын арттырды деп айта алмаймыз. Қазір байқап отырғанымыздай, мәселені жүйелі түрде шешу жолдары жоқ. Тек туындаған проблеманы өрт сөндіргендей, сол сәтте сөндіре салу ғана бар. Жүйелі түрде шешпегеннен кейін бір өрттен кетіп, екіншісіне ұрынамыз.

Хабар 24 телеарнасы