411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай автомобиль зауытында жаңа желі іске қосылды

  • 345
  • UPD: 20:47, 28.03.2020

Бұл – Қазақстан мен Өзбекстанның ортақ жобасы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ашылу салтанатында қос елдің премьер-министрлері телекөпір арқылы тілдесті.

Премьер-министр Асқар Мамин Қостанайдағы автомобиль зауытында болып, Chevrolet маркалы көліктердің жаңа түрлерін көрді. Бұл Қазақстан мен Өзбекстанның бірлесіп қолға алған автоқұрастыру желісінің өнімдері.  Қостанай зауыты осы жоба арқылы екіжақты сауда экономикалық және инвестициялық қатынасты одан әрі дамытпақ.

Сапар Жұмағұлов, «Сарыарқа автопром» зауыты бояу цехының бастығы:

– Бүгінгі таңда зауытта 1300-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Мұның барлығы бояу дәнекерлеу және қосалқы цехтарға жұмыс істейтін адамдар. Бүкіл әлем үшін қиын кезеңде жұмыс орындарын сақтап қана қоймай жаңа жұмыс орындарын аштық. Қостанай қаласында екі елдің Шевроле автомобильдерін шығаратын жаңа бірлескен кәсіпорын ашқалы отырмыз.

Телекөпір аясында қос елдің премьері «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» және «UzAuto Motors»-пен бірлескен жобасын ресми түрде іске қосты. Жаңа өндірістік желіде осы жылдың соңына дейін 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Әділ Шайкемелов, «Сарыарқа автопром» зауыты оқшаулау бөлімінің бас маманы:

– Жалпы, экспорт жайлы тоқтай кетсек 2019 жылы Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты және Белоруссия елдеріне шамамен екі жарым мыңнан аса автокөлік жіберіліп отыр. Ал биыл бұл көлемді 20 мыңға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.

Қазір зауыт үш ауысымда жұмыс істейді. Жаңа өндірістік желі «Chevrolet»-тің – Damas, Labo, Malibu, Spark секілді бірнеше моделін құрастырады. Бұлардың арасында құны 3 млн теңгеден аспайтын арзан көліктер де бар. Жалпы Қазақстанның автомобиль құрастыру саласы қарқынды дамып келеді. Жыл соңына дейін елімізде 100 мың көлік шығару жоспарда бар.

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы

Хабар 24 телеарнасы