425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Республикалық бюджеттің кірісі 10,5% төмендеді

  • 481
  • UPD: 10:36, 14.04.2020
Республикалық бюджеттің кірісі 10,5% төмендеді

Республикалық бюджеттің кірістері 10,5 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 89,9, оның ішінде республикалық кірістер 78,8, жергілікті бюджеттер 121,4 пайызға орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік бюджеттің кірістерінің өсу қарқыны 101,2, жергілікті бюджеттер 133,1 пайызды құрады. Сыртқы факторлардың экономикаға теріс әсерінен республикалық бюджеттің кірісі 10,5 пайызға төмендеді», - деді ол.

Дерекке сәйкес, республикалық бюджетке 1 трлн 402 млрд теңге кіріс түсті. Жоспар 378 млрд теңгеге орындалмады. Олар негізінен салықтар есебінен қалыптасты.

«Салықтардың орындалмауына келесідей сыртқы факторлар әсер етті. Біріншіден, коронавирус эпидемиясынын таралуы импортқа салынатын қосылған құн салығының көлеміне теріс әсерін тигізуде. Үшінші елдерден әкелінетін импорт көлемінің қысқаруына байланысты 11,4 мың салық төлеушілерден салық түсімдерінің көлемі 49,1 млрд теңгеге азайды. Бұдан басқа есепті кезеңде Қытайдан келетін автокөлік құралдарының саны 29 пайызға кеміді», - деді Қаржы министрі.

Екіншіден, бірінші вице-премьердің айтуынша, сыртқы нарықта негізгі экспорттық позициялар бойынша бағалардың төмендеуі: шикі мұнайдың – 22, мырыштың – 21, мыстың – 9, алюминийдің – 10, қорғасынның – 10 және феррохромның – 12 төмендеуі корпоративтік табыс салығының азюына әсерін тигізді.

«Үшіншіден, кәсіпкерлік белсенділігінің төмендеуіне байланысты ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар 132 млрд теңгеге орындалмады. Бірақ қалыптасқан экономикалық жағдайға қарамастан, бизнес алдындағы өз міндеттемелерімізді уақытылы орындадық. Есепті кезеңде оларға 193 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығы қайтарылды. Бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 84 млрд теңгеге көп. 8 сәуірде қабылданған нақтыланған республикалық бюджетте кірістер бойынша жылдық жоспар 6 трлн 414 млрдтеңге сомасында бекітілді. Жергілікті бюджетердің өз кірістері 134 млрд теңгеге артығымен орындалып, 759 млрд теңгені құрады. Асыра орындалу негізінен салықтар есебінен қалыптасты – 127 млрд теңге. Барлық өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды», - деді Әлихан Смайылов.

Хабар 24 телеарнасы