423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Төтенше жағдай диқандардың жұмысына кесірін тигізбейді

  • 694
  • UPD: 10:27, 20.04.2020

Оларға қажет тұқым, минералдық тыңайтқыш және жанар жағар май уақтылы жеткізіледі.

Ал егіс алқабында жұмыс істейтін техника бақылау өткізу бекеттерінен кедергісіз өтеді. Ол үшін жергілікті атқарушы билік рұқсат қағаздарын береді. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздің бірқатар өңірі көктемгі егіс науқанын бастап кетті. Мәселен, Түркістан облысының диқандары биыл 825 мың гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр. Бүгінге дейін 200 мың гектарға жуық жер игерілді. Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарына сәйкес өңірде картоп, көкөніс және бақша дақылдарын өсіруге басымдық берілген. Ал Жамбыл облысының диқандары биыл 710 мың гектар алқапты игермек. Оның тең жартысы бидай және өзге де дәнді дақылдардың үлесінде. Сондай-ақ мұнда қант қызылшасы мен картоп, бақша өнімдері және мал азығының дақылдары егіледі.

Әлем экономикасы 3% азайды

Коронавирусқа байланысты дағдарысқа ұшыраған әлем экономикасы келер жылы да толық аяқтан тұрып кете алмауы мүмкін. Мұндай болжамды халықаралық валюта қорының бас экономисі Гита Гопинтах жасады. Қазірдің өзінде әлемдік экономика 3 процентке азайды. Бұл – 1930 жылдардан бері болған ең үлкен құлдырау. Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пайымынша, 2021 жылы 5 проценттік өсім болуы ықтимал. Алайда ол індетпен күреске байланысты. Өйткені көп елде COVID-19 таралуының шарықтау шегі жылдың екінші жартысында болуы мүмкін. Ал бұл бизнестің белсенділігін төмендетіп, экономикалық шығынды одан әрі ұлғайтады. Қазір әлем елдері экономиканы ынталандыруға 8 триллион АҚШ долларын жұмсады. Оның 7 триллионы дамыған 20 елдің үлесінде. Сондықтан дамушы елдердегі ахуал ауыр болатыны анық. Халықаралық валюта қоры 25 дамушы елдің қарыз төлеу мерзімін кейінге шегерді. Жеңілдік алған мемлекеттердің қатарында Тәжікстан, Ауғанстан, Руанда дәне Йемен сияқты елдер бар.

Мұнай арзандады

Азия нарығында «Даблю-ти-ай» маркалы мұнайдың мамыр айында жеткізілуі тиіс фьючерстері 20 процентке төмендеп, баррелі 15 АҚШ доллары шамасында саудаланып жатыр. Мұндай құлдырау өткен ғасырдың соңынан бері алғаш рет тіркелді. Сарапшылардың айтуынша, қара алтынның арзандауына бірнеше себеп бар. Ең бастысы АҚШ-тағы қоймалар толды. Ал танкерлерге тасымалдау тиімсіз. Блумберг агенттігінің мәліметтеріне қарағанда тақтатастан мұнай алатын компаниялар оны 2 доллардан сата бастады. Әзірге мамыр айында жеткізілуі тиіс мұнай арзанға бағаланып тұр. Ал маусымда жеткізілетін «Даблю-Ти-ай» маркасы 40 процентке қымбат.  Ал Брент маркасы 27 АҚШ долларға саудаланып жатыр

Алтын қымбаттайды

Алдағы уақытта алтынның бір унциясы 2 мың АҚШ долларына дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай болжамды Newmont корпорациясының басшысы Том Палмер жасады. Оның пайымынша, жоғары баға алдағы 5 жыл бойы сақталады. Құнды металдың қымбаттауына коронавирус пандемиясының әлем экономикасына келтірген шығыны себеп. Ал алтын бизнесті ынталандырып, нарықты қалыпты ұстауға септігін тигізеді. Оның үстіне соңғы кезде әлемдік деңгейдегі орталық банктер мен Қытай, Үндістан елдерінде алтынға сұраныс артты. Қазірде маусым айында жеткізілетін алттынның унциясы 1735 АҚШ доллары шамасында саудаланып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы