429,54 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық банк ШОБ субъектілеріне қолжетімді несие беру үшін арнайы бағдарлама әзірлеуге кірісті

  • 300
  • UPD: 21:04, 23.04.2020

Дағдарыс оңайға соқпайын деп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан біздің ел дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қабылдап жатыр. Бір мысал. Ұлттық банк шағын және орта бизнес субъектілеріне қолжетімді несие беру үшін арнайы бағдарлама әзірлеуге кірісті. Осы мақсатқа 600 млрд теңге бөлінді.

Несие 1 жылға дейін 8 процентпен беріледі. Кəсіпкердің несие алу үшін кепілі жеткіліксіз болған жағдайда, қарыздың 50 проценті мемлекет тарапынан кепілдендіріледі. 

«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде бұрын экономиканың кейбір салалары ғана мемлекеттік қолдау алып келген еді. Ұлттық экономика министрлігі карантин жағдайындағы шығынды ескере келе, бірқатар шағын және орта бизнес субъектісіне салалық жеңілдік жасау керектігін жақсы түсінеді. Осы себепті шектеулер саны біршама қысқартылды. Тек екі шектеу сақталды.

Шыңғыс Ахметов, ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры:

– Сауда саласында жылжымайтын мүлікті, құрал-жабдықтарды сатып алу сияқты инвестициялық мақсаттарға бағытталған несиелерді бағдарлама шеңберінде алуға болмайды. Бірақ сауда қызметін қолдау мақсатында айналым қаражатты қаржыландыратын несиелерді алуға болады. Айналым қаражат тауарларды сатып алуға, жалдық төлемдерді төлеуге, жұмысшылардың қаражатын төлеуге қолданыла алады.

Ал екіншісі Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сəйкес, мемлекеттік қолдау шаралары берілмейтін кəсіпкерлік субъектілерінің тізімі бекітілді. Олар есірткілік құралдар және психотроптық заттар айналымына қатысты қызмет. Акцизделетін өнім өндіру және көтерме сауда. Астық қабылдау және сақтау қызметі. Ойын бизнесі. Банк пен сақтандыру нарығындағы қызмет. Азаматтық, қызметтік қару мен оқ-дәрі айналымы.

Жоғарыда аталған шектеулерді есептемегенде, кез келген шағын жəне орта кəсіпкерлік субъектісі бағдарламаға қатысып, жеңілдікпен несие ала алады. Қолдау бағдарламасының басты операторы – «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры. Несие құжаттарын дайындау, сыйақы мөлшерін субсидиялау жəне несиені кепілдендіру жұмыстарымен аталған қор айналысады.

Гүлсая Зейнелғабдина, «Даму» КДҚ» АҚ мемлекеттік органдармен өзара әрекет ету жөніндегі департамент директоры:

– Осы жеңілдетілген пайыз мөлшерлемесімен несие беруді «Даму» қоры екінші деңгейлі банктермен микроқаржылық ұйымдармен және де лизингтік компаниялардың көмегімен жүзеге асырады. Бірнеше бағдарламалар осы орайда жүзеге асырылып отыр. Олардың бірі – өңдеу өнеркәсібіндегі бағдарлама. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкерлер жеңілдетілген пайызбен, 6 пайыздық мөлшерлемемен несие алуға мүмкіншілігі бар.

Сондай-ақ 100 млрд теңге көктемгі егіс жұмыстарына жұмсалады. Қарапайым заттар экономикасына да баса мән беріледі. Бағдарлама шеңберінде несиенің 5 млрд теңгеге дейін кепілдендіру мөлшері 30% құрайды. Егер қаржыландыру сұранысы 3 млрд теңгеден аспайтын болса, кепілдендіру мөлшері 50% тең. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жобаларды қаржыландыру үшін жалпы несиелеу көлемі 1 трлн теңгеге дейін артты. Оның 700 млрд теңгесі агроөнеркəсіп кешеніндегі өңдеу мен өндіруге, 300 млрд теңгесі өңдеуші өнеркəсіп пен қызмет көрсету саласына бағытталады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы