418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылды

  • 230
  • UPD: 10:22, 28.04.2020
Қазақстанда ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылды

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елімізде ұлттық тауар өткізу желісін құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта елімізде 750 сауда базары бар. Базарлардың бір де бірі қазіргі заман талаптарына сай еместігін атап өту керек. Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманға сай жүк түсіру (қазір оны «кросс-док» деп атайды) және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Әрине, базарда тауар ағынын бақылау бойынша ақпараттық жүйе де жоқ», - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, бұл мәселе айтарлықтай қиындық туғызады.

«Қалаларымызда карантин тәртібінің енгізілуіне байланысты туындаған дүрбелең осы мәселелерді тағы да айқындап берді. Аталған проблемаларды жедел және жүйелі шешу үшін көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылады. Бұл экожүйе өндіруші мен тұтынушыны жақындататын экономикалық кешенді, сондай-ақ бірыңғай тетікті құрай отырып, республиканың сауда инфрақұрылымына қосылады. Сауда мен тарату функционалы бойынша жіктелген көтерме-тарату орталықтары - жүйенің өзегі. Көтерме-тарату орталықтарының қызметі өнімді сақтау мен қайта өңдеу, тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсынады», - деді ол.

Бақыт Сұлтанов бұл инфрақұрылым өнімді жеткізудің тиімді көлік-логистикалық бағыттарын құруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия және Қытайға экспорттық-импорттық операциялар жүзеге асырылып, өткізу нарығын кеңейтеді. Көтерме-тарату орталықтарының желісі тауар өткізу жүйесінің негізгі қатысушылары арасындағы байланыстырушы буын болып, өндірушілердің, жеткізушілердің және сатушылардың кешенін біріктіреді.

Хабар 24 телеарнасы