411,61 465,50 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 54% төмендеген

  • 108
  • UPD: 09:03, 01.05.2020

Пандемияның салдары әлем экономикасын есеңгіретіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржы дағдарысы мен мұнай бағасының құлдырауына алпауыт елдердің өзі төтеп бере алмай отыр. Мұндай қиындықтар Әзербайжан экономикасын да айналып өткен жоқ.

Елдегі экономикалық ахуал тұрақты емес. Бірінші тоқсан жақсы көрсеткіштермен аяқталса да, сарапшылар алдағы айларда күрделі сынақтардың күтіп тұрғанын жарыса айтып жатыр. Ел экономикасы мұнай бағасының құлдырауының, коронавирустық дағдарыстың салдарын әлі тартатын болады.

Эльшад Мамедов, Экономика ғылымдарының докторы:

- Менің ойымша, екінші тоқсаннан бастап экономиканың көп көрсеткіштері төмендейді. Үкімет карантин кезеңінде экономикалық белсенділікті сақтап қалу үшін бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдады. Мемлекеттік құрылымдар пандемиядан зардап шеккен кәсіпорындар үшін салықтық салмақтарды азайтуға арналған қадамдарды жариялап жатыр. Менің ойымша, валюта түсімдерінің азаюы кезінде инвестиция тарту үшін ақша-несие саясатын жұмсарту керек.

Пандемиялық дағдарыс халықаралық сауда байланыстарын да үзіп тастады. Оқшауланған үкіметтер өз ресурстарын елдің ішкі қажеттілігіне бағыттап жатыр. Жалпы мамандар әлем экономикасында жаһансызданудың белгілері байқалып жатқанын айтады. Соған қарағанда, жақын арада көршілер арасындағы сауда қыза түсетін секілді.

Эльшад Мамедов, Экономика ғылымдарының докторы:

- Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 1 тоқсанда 54% төмендеді. Мұндай жағдай әлемнің барлық елдеріне тән, өйткені осы кезеңде барлық елдер қатаң карантинде болды. Қазір қалыптасқан ахуалда Әзербайжан және өзге де көршілес мемлекеттер алыс нарықтарды игеруге иек артпай, қолда бар нақты мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Еуразиядағы экономикалық ықпалдастық қазір бұрынғысынан да өзекті.

Шағын және орта бизнес бірінші тоқсанды шығынмен аяқтады. Экономика министрлігінің мәліметінше, Әзербайжан экономикасына карантиннің әрбір күнінде 70-тен 90 млн доллар шығын келген. Ел үкіметі субсидиямен қоса, жыл соңына дейін табыс салығын азайтпақ. Егер бұл шаралар жүйелі жүзеге асса, кәсіпкерлер қысқа мерзім ішінде карантинге дейінгі кірістерін қайтара алады деп санайды сарапшылар.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы