429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде шаштараздар екі күнде 52,3 млн теңге табыс тапқан

  • 225
  • UPD: 09:57, 08.05.2020

Шаштараздар екі күнде 52 миллион теңгеден астам табыс тапқан, деп хабарлайды «Хабар 24»

Төртінші мамырдан бастап елімізде шаштараздар мен сұлулық салондарының жұмысы қайта жанданды. Мемлекеттік кіріс комитеті ашылған нысандардың қызметіне талдау жүргізген.

Мемлекеттік кірістер комитеті шаштараз және сұлулық салоны саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге тіркелген онлайн бақылау-касса машиналарының ақпараттарына талдау жүргізді.  Нәтижесінде, жұмысқа кіріскен шаштараз қызметі саласындағы айналым 52,3 млн теңгені құраған. «Екі күннің ішінде касса арқылы 15 мыңнан астам чек берілді. Бір чектегі орташа табыс 3,5 мың теңге», – делінген хабарламада. Оның ішінде елордалық шаштараздарға 1,7 млн теңге кіріс түскен. Алматы қаласының кәсіпкерлері екінші орында. Олардың табысы 1,4 миллион теңгені құраған. Ал үшінші орында, Шымкент қаласының кәсіпкерлері, олардың екі күндік кірісі 1,3 миллион теңгені құрады.

Қазақстандықтарға 2 трлн теңгеге жуық ипотекалық несие берілген

Қазақстандықтар баспана алуға банктерден 2 триллион теңгеге жуық қарыз алған. 1 сәуірдегі жағдайға сай, қаржы институттары 1,85 триллион теңгеге ипотека берген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 процентке көп. Ипотекалық несиелерді негізінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының тұрғындары рәсімдеген. Елордалықтарға баспана алуға банктен 514 миллиард теңге берілген. Алайда еліміздің өзге өңірлерінде мұндай несие көлемі әлдеқайда аз. Мысалы, сәуірдің басында Шығыс Қазақстандағы ипотекалық несие көлемі 110 миллиард теңгеден асқан. Қарағанды облысында 100 миллиард теңге болса, ең аз ипотека Солтүстік Қазақстан облысында рәсімделген. Оның жалпы көлемі 38 миллиард 200 миллион теңгені құрады.

Елімізде фармацевтикалық өнім шығару 6 есе өскен

Индустрияландыру нәтижесінде елімізде медициналық бұйымдар өндірісі ұлғайып, фармацевтикалық өнім шығару  6 есе өскен. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. Ақрапатқа сай, медициналық бұйымдар қысқа мерзімде сыртқы нарыққа бағытталған. Осылайша, фармацевтика өнеркәсібінің экспорты 3 есе өсті. Өнім негізінен көршілес елдерге жіберіледі. Мысалы, тауардың 39%-і Ресейге, 16%-і Қырғызстанға және 8%-ке жуығы Түркияға экспортталады. Сондай-ақ, индустрияландыру картасы аясында елге 62,9 млрд теңге инвестиция тартылған.

Нарықтағы баға:

Қостанайда медициналық қолғап 120 теңге. Көкшетауда 80-90 теңге төңірегінде. Петропавлда қорғаныш құралы 100 теңге тұрады. Ал Қарағанды дәріханаларындағы қолғаптың бағасы 80-90 теңге аралығында.  Еліміздің батысындағы бағаға тоқталсақ, Ақтөбеде медициналық қолғап 110 теңгеден бастап 118 теңгеге дейін сатылады. Қызылордада сұраныстағы тауарды 70 пен 100 теңге аралығындағы бағаға алуға болады.  Түркістан өңірінде де осындай баға. Ал Таразда медициналық қолғап 120 теңгеге сатылады. Алматыда бұл тауар 110 теңге, Нұр-Сұлтанда 70 теңгеден бастап, 100 теңгеге дейін.  

Соңғы төрт айда Қытай экспорты 9% төмендеді

Коронавирус пандемиясы салдарынан соңғы төрт айда Қытай экспорты 9%-ке, ал импорты 5,9%-ке төмендеген. Қытай Халық Республикасының басты кедендік басқармасы осындай деректер келтірген. Елде тауар айналымы жыл басынан бергі кезеңде 7,5 %-ке төмендеп, 1,3 триллион долларды құраған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Қытайдың сыртқы тауар айналымы да қысқарған. Доллармен есептегенде сыртқы тауар айналымы 1%-ке төмендеді.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы