418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев ауылдың табысын арттыруды көздейтін бағдарламаны іске қосу бастамасын көтерді

  • 194
  • UPD: 14:46, 11.05.2020
Қ.Тоқаев ауылдың табысын арттыруды көздейтін бағдарламаны іске қосу бастамасын көтерді

Үкімет бірнеше өңірдегі ауылда «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбекті дамыту бойынша жобаны іске қосуы тиіс.

Бұл туралы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

«Қазіргі ахуал белгілі шындықты нақты қуаттап берді: азық-түлік қауіпсіздігі - толықтай алғанда мемлекет қауіпсіздігінің басты элементі. Сондықтан біз шаруаларға барынша қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан форвардтық сатып алуларға қосымша оффтейк-келісімшарттар енгізу және «ҚазАгро» кредиттері бойынша берешектерді қайта құрылымдау жолы арқылы қаржыландыру тетігі кеңейтіледі», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің дерегінше, елімізде шамамен 1 млн 700 мың жеке қосалқы шаруашылық бар. Дегенмен, олардың өнімдері сауда нысандары арқылы ресми саудаланбайды және қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейді. Мемлекет олардан салық та алмайды. Ал мұндай шаруашылықпен айналысатындар әлеуметтік жағынан да қорғалмаған.

«Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бірнеше өңірдегі ауылда «алқаптан сөреге дейін» кооперациялық тізбекті дамыту бойынша ілкі жобаны іске қосуды тапсырамын. Кейінірек жобаны масштабтауға және 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірлеуге болады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында «Даму» қорының кепілдік беру құралын пайдалану арқылы «ҚазАгро» желісі арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайызпен жеңілдетілген микрокредитті қолданылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, тұрақты сатып алу және сату, қатысушылардың аграрлық құзіретін арттыру және оқыту жүйесін де жолға қою қажеттігін баса айтты.

«Мұның барлығы шамамен 2 млн ауыл тұрғынының табысын арттырып, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53-тен 70 пайызға дейін ұлғайтады және әлеуметтік маңызы бар өнімдер импортын төмендетеді», - деді ҚР Президенті.

Хабар 24 телеарнасы