418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байланыс қызметтері биылғы қаңтар-сәуірде 9,6%-ға артты – ҚР ҰЭМ

  • 190
  • UPD: 11:30, 12.05.2020
Байланыс қызметтері биылғы қаңтар-сәуірде 9,6%-ға артты – ҚР ҰЭМ primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылғы қаңтар-сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Экономиканың жай-күйі туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады.

Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тауарлар өндірісі 5,8%-ға өсті, деп хабарлайды primeminister.kz. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтер 4%-ға азайды. Осының нәтижесінде жалпы ішкі өнімі 0,2%-ға төмендеді.

Р.Дәленовтың айтуынша, қызметтер саласындағы төмендеу қабылданған карантиндік шектеулермен байланысты. Жылдық инфляция 6,8%-ды құрады.

Өндіріс секторындағы өсу өңдеу өнеркәсібінің 7%-ға, кен өндірудің 6%-ға, құрылыстың – 5,5%-ға және ауыл шаруашылығының 2,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Сонымен бірге қызметтер секторында көлік қызметтері 11%-ға, саудада – 8,9%-ға, әкімшілік қызметтерді көрсетуде – 4%-ға және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда 2,7%-ға төмендеді. Бұл ретте байланыс қызметтері қаңтар-сәуірде 9,6%-ға артты.

«Егер сәуір айын жеке қарайтын болсақ (карантиндік ай) 2019 жылғы сәуірмен салыстырғанда көрсетілетін қызметтер секторы 17,5%-ға төмендеді. Атап айтқанда, сауда және көлік үштен бірге, әкімшілік қызмет көрсету – 22,5%-ға және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 9,9%-ға төмендеді. Бұл төмендеу шектеулік карантиндік шаралармен байланысты», – деді Р.Дәленов.

Қаңтар-наурызда сыртқы сауда айналымы $21 млрд құрады. Экспорт 4,2%-ға ұлғайып, $13,9 млрд жетті. Бұл ретте импорт $7,1 млрд дейін төмендеді. Сауда балансының оң сальдосы өткен жылғы І тоқсанмен салыстырғанда 9%-ға артты.

Өнеркәсіп өндірісі 5,9%-ға ұлғайды. 15 өңірде өсу байқалады. Төмендеу тек Қызылорда облысында тіркелді. Ең жоғары өсімді Қостанай (15,4%-ға) және Атырау (14,2%-ға) облыстары көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі өсуде. Өсім 7%-ды құрады.

«Машина жасауда (25,4%-ға өсім), фармацевтикада (24,2%-ға), құрылыс материалдарын өндіруде (15,6%-ға) және жеңіл өнеркәсіпте (13,9%-ға) өсімнің жоғары қарқыны сақталды. Өңірлер бөлінісінде Қостанай (24%-ға), Қызылорда (20,2%-ға) және Түркістан (17,2%-ға) облыстарында жоғары өсу байқалады», – деді ұлттық экономика министрі.

Жамбыл және Ақтөбе облыстарында төмендеу тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша 13 өңір өсім көрсетті. Ең жоғары өсім Түркістан және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында байқалады.

4 өңірде төмендеу тіркелді. Бұл Атырау және Қызылорда облыстары, Шымкент және Алматы қалалары. Осы өңірлердің үлесі жоғары болғандықтан, ол жалпы инвестициялардың көлеміне әсер етті.

Р.Дәленовтың айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар 0,9%-ға дейін баяулады.

Құрылыс 5,5%-ға ұлғайды. 13 өңірде өсім байқалады. Түркістан және Қарағанды облыстарында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

4 өңірде құрылыс жұмыстары қысқартылды. Бұл Ақтөбе және Қызылорда облыстары, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары.

Бұл ретте отандық құрылыс материалдарының өндірісі белсенді түрде өсуде. Оларды өндіру 15,6%-ға ұлғайды.

«Жыл басынан бері 3,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 10 өңір өсім көрсетті. Алматы және Жамбыл облыстарында ең жоғары өсім тіркелді. 7 өңірде төмендеу байқалды», – деді Р.Дәленов.

Ауыл шаруашылығы өнімдері 2,2%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы бойынша 15 өңірде оң серпін байқалып отыр.

«Карантиндік қорғау шараларына байланысты барлық өңірде сауда төмендеді. Мұндағы негізгі үлес шағын және орта бизнеске тиесілі. 14 өңірде көлік қызметтерінің төмендегені байқалды. Төмендеу негізінен жолаушылар тасымалының азаюына байланысты», – деді ол.

8 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдай келесідей: өңдеу, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, көлік, сауда, инвестициялар, инфляция.

10 өңірде жақсы серпін байқалуда. 8 көрсеткіштің тек 2-3 көрсеткіші бойынша төмендеу тіркелді. Тиісінше қалған көрсеткіштер бойынша өсу байқалуда.

Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында 5 көрсеткіш бойынша төмендеу тіркелді. Олар – құрылыс, тұрғын үй, көлік, сауда және негізгі капиталға салынған инвестициялар.

Қаржыландыру және кредиттеу бойынша жаңа шараларды, сонымен бірге экономикалық белсенділікті қалпына келтіру шараларын ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажет:

Карантиндік шараларды бірте-бірте жеңілдетуді ескере отырып, экономикалық белсенділікті қалапына келтіру;

«Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде құрылыс жұмыстарын жандандыру;

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізе отырып, баға өсімін болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдау;

«Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жобаларды жылдам іріктеу және мониторинг жүргізу;

Өңдеу өнеркәсібіндегі оффтейк келісім-шарттар және Агроөнеркәсіп кешенінде форвардтық мәмілелер тетіктері арқылы өндірісті ынталандыру.

Хабар 24 телеарнасы