Мұнайлы өңірге енгізілген карантин режимі аяқталды. Бүгіннен бастап Атырау қаласында кәсіпкерлік нысандары қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, қызмет көрсетуді қайта бастады.
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, шаһарға кіріп-шығуға толықтай рұқсат етілді. 2 ай бойы карантинде отырған халық бұл өзгеріске қуанышты. Бүгінгі қала тіршілігі туралы тілшімізден сұрап білсек. Екі ай дегенде алынған карантин режимінен соң мұнайлы шаһарда қандай өзгеріс бар?
Асланбек Шығыров, тілші:
- Індетке шалдығу көрсеткіші 7 пайыздан төмен болуына байланысты Атырауда 2 ай дегенде карантин режимі аяқталды. Қалаға кіреберісте орнатылған 4 блокбекет жұмысын тоқтатты. Қазір біз Атырау-Индер бағытындағы Алмалы бекетінде тұрмыз. Бұл жердегі кедергі сағат түнгі 12:00-де алынды. Енді тұрғындардың қалаға кіріп шығуына толықтай рұқсат берілді. Сондай-ақ бүгіннен бастап шаһардағы көптеген нысан өз жұмысына кірісіп жатыр. Жалпы көлемі 2 мың шаршы метрден асатын ірі сауда нүктелері, ойын-сауық орындары, фитнес орталықтар, сауналар мен моншалар қызмет көрсетуді бастады. Ал 3 маусымнан бастап базарлар мен азық-түліктік емес ірі сауда орындары санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтай отырып, жұмысын бастайды. Бұл әрине індеттің беті қайтты деген сөз емес, қауіпсіздік шараларын сақтап, маска тағып, 1,5-2 метр арақашықтықты сақтап жүру әлі де талап етіледі.
Айта кетейік, аурудың көп таралуы салдарынан Жылыой ауданы мен Мақат ауданының Мақат кентінде карантин режимі сақталады. Кіріп шығуға тыйым салынып отыр.