418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет жұмыссыздарды еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру мәселесін қарады

  • 227
  • UPD: 20:04, 02.06.2020

Халықты жұмыспен қамту өзекті болып тұр. Соның бір амалы жұмыссыздарды еңбек күші жетпейтін өңірлерге көшіру. Бүгін үкімет осы мәселені қарады. Жалпы елде қаңтар мен сәуір аралығында 4 миллионнан астам адам табыссыз қалған. Карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін үш миллионы жұмысқа кірісті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі еңбек нарығындағы бұл жағдай тек шілде айында тұрақталады дейді. Биыл бір миллионнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарда тұр.

Халқының саны миллионнан асқан Шымкент қаласында жұмыссыздар көбеюі мүмкін. Себебі мемлекеттік бағдарлама дұрыс іске асырылмай жатыр. Үкімет басшысы Асқар Мамин тағы бірнеше облыстағы жұмысты сынға алды. Мемлекет бөлетін гранттар дер кезінде берілмеген. Өзін өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарға шағын несие беру жұмыстары да көңіл көншітпейді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы екенін атап өтуге болады. Сонымен қатар Шымкент қаласы және Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары артта қалып отыр. Шымкент қаласының әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға жіберу және грант беру бойынша көрсеткіштері төмен. Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша грант беру деңгейі өте төмен. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары шағын несие беру бойынша нашар жұмыс жүргізуде. Мұнан бөлек Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру және жастар практикасы бойынша жұмысты ұйымдастыру ең төменгі деңгейде болып отыр. Бұл әкімдіктердің осы бағыттағы жеткіліксіз жұмысының нәтижесі. 

Қыруар қаржы бөлініп жатқан салада атқарылып жатқан жұмыс жеткіліксіз. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі әдеттегідей сандарды тізіп шықты. Биыл 1 миллионнан астам адамды жұмыспен қамту жоспары бар. Жол картасына енген 6 мың 500 жобаның 80 проценті іске қосылып, 91 мың адам жұмысқа орналасып үлгірген. Олардың 35 проценті жастар. Жалпы мемлекеттік бағдарламалар аясында 196 мың адам еңбекпен қамтылды. Жол картасына қатысатын адамдардың табысын да есептеп қойған.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Жобаларға қатысатын 255 мың адам 210 млрд теңге көлемінде жалақы мен әлеуметтік төлемдерге ие болады. Ол өз кезегінде отбасына 1 млнға жуық адамның табысына әсер етеді. Жол картасы аясында отандық кәсіпорындар 700 млрд теңге көлемінде қолдау алады. 23 мың орта және шағын бизнес нысандары тапсырыс алып, кем дегенде 1000 адам жұмысын сақтап қалады.

Енді жұмыспен қамту мәселесі Президент қатысатын кеңейтілген отырыста қаралады. Осыған орай Асқар Мамин еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне, Ұлттық экономика, ауылшаруашылығы министрлеріне нақты міндет жүктеді. «Еңбек» бағдарламасының толықтай орындалуын қадағалауды тапсырды. Жалпы биыл бағдарламаны іске асыруға 176 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржыға микрокредиттер мен гранттар беріледі. Жаңа жұмыс орындарын субсидиялауға жұмсалады. Жән жұмыссыздарды еңбекпен қамтуға мүмкіндігі мол өңірлерге көшіру жүргізіледі. Жалпы Үкімет халықты еңбекпен қамту шараларына 1 трлн теңге жұмсалататынын айтқан еді.

Хабар 24 телеарнасы