430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Самұрық-Қазынаның» бюджетке төленетін төлемдері 52% артқан

  • 335
  • UPD: 22:48, 03.06.2020

Қалыптасқан күрделі ахуалға тез бейімделуге және дағдарысты еңсеруге септігін тигізетін экономиканың негізгі драйверлерін айқындауға тиіспіз.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында Елбасы осылай деді. Қиындықтарға қарамастан, компаниялардың бәрі жұмысын жалғастырып жатыр. Қор көрсеткіштерінің өткен жылғы өсу қарқыны биылға резерв құруға мүмкіндік берді.

Дархан Абдуахит, тілші:

- Осыдан екі апта бұрын «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Елбасының қабылдауында болған. Сол кезде барлық кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп тұрғаны, өндіріс қызметкерлері қысқартылмай, жалақының кешікпей төленіп жатқаны туралы айтылды. Ал, бүгін қорды басқару жөніндегі Кеңес отырысында бұған дейінгі жиында берілген тапсырмалардың орындалуы барысы, шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты шаралар талқыланды. «Ел дамуында «Самұрық-Қазына» маңызды рөл атқарады», деді Елбасы.

Қазір әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде қол қусырып отыруға болмайды. Әлем экономикасының дамуы бәсеңдеп, сауда-саттық тежелген тұста дағдарысты еңсерудің негізгі жолын анықтап, болған іске тез бейімделу қажет. Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселеге мән берді.

Экономикалық өсімді қалпына келтіру шараларын мемлекет дер кезінде қабылдады. «Экономиканы қалпына келтіру мен оны әрі қарай дамытуда ұлттық әл-ауқат қоры басты рөл атқарады», - деді Елбасы. Қазақстандағы негізгі компаниялардың барлығы қордың құрамында. Олардың ақшаға шаққандағы жиынтық активтері 28 трлн теңге болады. Бұл дегеніміз, жалпы ішкі өнімнің 40%-і. Мұнда 300 мың адам жұмыс істейді. Қазіргі қиын жағдай қор компанияларын да қыспаққа алды, алайда жұмыс жалғасып жатыр. Өткен жылғы қор көрсеткіштерінің өсу қарқыны биылға резерв құруға мүмкіндік берді.

Жиын барысында Премьер-министр Асқар Маминнің, әл-ауқат қорының басқарама төрағасы Ахметжан Есімовтің және қорға қарасты компаниялар басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы:

- Биыл қордың таза табысы 1,2 трлн теңгеден 167 млрд теңгеге дейін азаяды. Коронавирус кезінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы 80% табысынан айырылады. Әуе тасымалына және темір жол қозғалысына шектеу қойылғаны мәлім. Соның кесірінен жолаушылардан түсетін табыс көлемі 40%-ке азаяды деген болжам бар. Былтыр толайым табысқа кенелгенбіз. Қаражаттың біраз бөлігін арнайы құрылған қорға аудардық. Қазір жиналған сол ақшаны кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға жұмсап жатырмыз. Басымдық отандық тауар өндірушілерге беріледі.

«Қор компанияларының тиімділігін одан әрі арттыру керек. Бұл үшін нақты шаралар қабылау қажет», - деді Елбасы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіру, сатып алулар мен отандық тауар өндірушілерді қолдау кезінде жергілікті үлесті көбейту мәселелеріне тоқталды.

Кеңес қорытындылай келе, Елбасы «Самұрық-Қазына» басшылығының дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларының нәтижесін атап өтті. Әрі бұл тәжірибені басқа да құрылымдарда қолданудың маңызды екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев қор басшысы дер кезінде қабылдаған шараларды қолдады, оң бағасын берді. Дағдарыс кезінде мемлекет экономиканы қолдау үшін ұлттық қордан қыруар қаржы бөлді. «Алайда, осы жағдайда «Самұрық-Қазына», керісінше, Ұлттық қорға 100 млрд теңге бағыттады», - деді Елбасы.

Ең бастысы, жұмыс жүріп жатыр. Құбылмалы жағдайда дамудың жолынан жаңылмау керек. Айта кетейік, қордың бюджетке төленетін төлемдері алдыңғы жылдармен салыстырғанда 52%-ке артып, 1,1 трлн теңгеден асқан.

Авторы: Дархан Абдуахит

Хабар 24 телеарнасы