427,23 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысы Қызылқоға ауданы өнім өңдеуге бет бұрды

  • 725
  • UPD: 08:47, 07.06.2020

Атырау облысы Қызылқоға ауданының кәсіпкерлері өнімді өндіруден өңдеуге ден қоя бастады. Өткен екі жылда ет-сүт өнімдерін өңдеу, көкөніс түрлерін қалбырға салу цехтары іске қосылған. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету бағытында да кешенді жобалар бар. Мұның барлығы мемлекет қолдауы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Былтыр ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 100 жеке тұлға несие алған. Биыл тағы 500 миллион теңгенің 30 жобасы қаржыландырылады.

Миялы ауылының тұрғындары Айжан Ізімованың қолынан шыққан ет өнімдерін ықыласпен сатып алады. Шағын ет өңдеу цехы тәулігіне 10 басқа дейін мал қабылдайды. Мұнда 4 тонна ет пен 100 тонна тартылған ет дайындалады. Қазір 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Күзгі-қысқы соғым кезінде қосымша қол күші жұмылдырылып, цех үш ауысыммен жұмыс істейді. Себебі бүгінде ауылдықтар малдарын тек осы арадан сойғызып дайындап алады екен. Әзірге мұнда 4 түрлі өнім шығарылса, келешекте оны 30-ға дейін жеткізу ойда бар дейді кәсіпкер.

Айжан Ізімова, жеке кәсіпкер:

- Қазақша табақ тарту, қазақша тамақ дайындау. Мына ет өнімінен атам қазақ нендей зат дайындаған, бас, сирағына дейін түгел өңдеп, ішек-қарынына дейін. Ішек-қарынның өзінен 11 ас дайындалады. Соның бәрін дайындап, халыққа жеткізіп, біріншіден тұтынуға ең бастысы, ата-бабамыздың жалғастырған нәрсесін мына бүгінгі ұрпақ білу керек.

Асхана, пошта, банк бөлімшелері мен дәріхана секілді тұрғындарға аса қажетті 12 мекеме орналасқан сауда үйі Қызылқоға ауданындағы бірден-бір орталық. 3 жыл бұрын шағын дүкеннен бастаған кәсіп түрі қазір қанатын кеңге жайып келеді. Екінші деңгейлі банктер әлі күнге ауыл бизнесіне несие беруге құлықсыз. Осы жағдай қолбайлау болған кәсіпкер он жыл бойы банктердің табалдырығын тоздырғанын айтады. Қазір қаражат көзі табылып, 35 адам жұмыспен қамтылған.

Октябрь Нұрадинов, қызмет көрсету орталығының басшысы:

- Осы кәсіпті осы салынып жатқан ғимараттың барлығы сол қордан алынған қаражаттың есебінен тұрғызылды. Біздер енді үшінші мәрте алып отырмыз. Біреуін алып, жауып, екіншісін алып, солай кәсібімізді жалғастырдық. Негізі осы қордың көп көмегі тиді. 6 процентпен 4,5 жылға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. 

Бүгінде орталық жанынан жаңа ғимарат бой көтеріп келеді. Онда 32 төсектік қонақ үй мен 48 адамға арналған асхана орналасады. Қосымша 40 адам жұмыспен қамытылмақ. Жалпы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы былтыр 100 кәсіпкер несие алыпты. Бұл үрдіс биыл да жалғаспақ.

Гүлзада Шалағұлова, облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының директоры

- Кәсіптің барлық түріне, ауылдағы ауылдық емес бизнес деп айтамыз: шаштараз, тойғана халыққа қызмет көрсету мына сауда орталықтарын салу құрылыстар көлік жөндеу оратлықтары жалпы осы аудандағы кәсіптің қай түрі ден бізден қаржыландырылып отыр.

Ауыл кәсіпкерлері қазір өңдеу саласына бет бұрып келеді. Себебі шұжық, қаймақ, қалбырдағы қияр мен қызанақ секілді өнімге сұраныс жоғары. Әрі сақтау мерзімі де ұзақ. Биыл  ауыл бизнесін дамытуға кәсіпкерлерден 500 миллион теңгеге өтінім түскен. Ол мақұлданса, жаңадан 30 жоба жүзеге аспақ. Оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің еншісінде.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы