423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде алғашқы бес айда ЖІӨ 1,7%-ке төмендеген

  • 242
  • UPD: 23:07, 09.06.2020

Сонымен алғашқы бес айда ішкі жалпы өнім 1,7%-ке төмендеген.

Республикалық бюджеттің кірісі 2 трлн 111 млрд теңге болды. Бұл жоспардағыдан 125 млрд теңгеге кем, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған не себеп? Елдің әлеуметтік һәм экономикалық жағдайын оңалту үшін енді не істеледі?

Биыл ауыртпалықты Қазақстан ғана емес, әлем сезінді. Коронавирустан шығын көрмеген ел жоқ. Енді жағдайды ушықтыруға болмайды. Елімізде қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралар нәтижесін берді. Алайда, ақсаған салалар, көштен қалған өңірлер, кері кеткен көрсеткіштер аз емес.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Жедел деректер бойынша жалпы ішкі өнім 1,7%-ке төмендеді. Тауарлар өндірісі 4,8%-ке өсті. Сонымен бірге көрсетілетін қызметтер 6,2%-ке қысқарды.

Өткен айдан бері елімізде карантин шектеулері жеңілдеді. Бұған дейін көрсеткіші төмендеген қызметтер қайта жандана бастады. Мысалы, сауда қызметі – 28%, көлік – 21%, ал қоғамдық тамақтану – 10%-ке артты. Руслан Дәленов шағын және орта кәсіп иелерін жеңілдетілген несиемен қамту арқылы ахуалды реттеуге болатынын айтады. Мамырдағы өзгеріс бұл ғана емес. Еліміздегі валюта нарығы сыртқы және ішкі факторлардың оң әсерінен дамыды.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- Өткен айда квазимемлекеттік сектордың компаниялары экспорттық валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату жөнінде қабылданған шаралары жалғасты. Мамырда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сату көлемі бір айда 156 млн АҚШ долларына тең болды

Еліміз әлемдегі мұнай нарығына тәуелді. ОПЕК+ ұйымының шешіміне сай өндіріс тамыздың басына дейін тәулігіне 9,7 млрд баррель шамасында болған еді. Қазір Қазақстанда 6,2 млн тонна қара алтын өңделіп жатыр.

Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі:

- Мұнай өнімдері нарығында жағдай тұрақты. Жанар-жағармай нарығында тапшылық байқалмайды. 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша 205 мың тонна бензин Еуропа елдері мен Орталық Азия мемлекеттеріне экспортталды. Ішкі нарықты битуммен тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатында министрлік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен 2020 жылға 984 мың тонна битум өндірісінің кестесін бекітті.

Экономиканы қалпына келтірудің кешенді жоспары шығынның орнын толтыруы керек. Ол үшін 49 заң актісіне түзету енгізіледі. «Үкіметтің басты міндеті – қысқа мерзім ішінде экономикалық дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру», - деді Премьер-министр. Өкінішке қарай, соңғы бес айда Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласындағы көрсеткіш республикалық деңгейден төмен.

Асқар Мамин, ҚР Үкімет басшысы:

- Қазіргі таңда экономикалық жағдай тұрақталып келеді. Нақты сектор өсімнің сенімді серпінін көрсетіп отыр. Біздің міндетіміз – қысқа мерзімде экономикалық дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру. Бұған экономиканы қолдау мақсатында қабылданған шұғыл шаралар және биыл жыл соңына дейін экономиканы қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру ықпал етуі керек.

Жылдық инфляция бес айда 6,7% деңгейінде тұрақтады. Жыл соңына дейін көрсеткіш 8-8,5%-ке жетуі мүмкін. Жалпы биыл кірістер бойынша жоспар 125 млрд теңгеге орындалмаған. Бұған пандемия аясында енгізілген төтенше жағдай әсер еткен. Үкімет басшысы осы орайда экономиканы аяққа тұрғызу басты міндет екенін еске салды.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы