417,99 492,14 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет экономикадағы кәсіпкерлік үлесін арттыруды көздеп отыр

  • 180
  • UPD: 18:34, 23.06.2020

Былтыр шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 30,8 процентке жетті. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, жауапты министрлік бұл бағыттағы жұмысты жандандырып, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 35, ал 2050 жылға дейін 50 процентке жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі Үкімет отырысы осы мәселеге арналды.

Елімізде кәсіпкерлікті қолдау жөнінде жиі айтылады. Үкімет бұл бағыттағы заңнаманы жетілдіріп жатыр. Мәселен, кедендік әкімшілендіруге көп көңіл бөлінеді. Былтыр Қазақстан бизнес жүргізуге қолайлы мемлекеттердің рейтингінде үздік 25 елдің қатарына қосылды. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Барлық өңірдің кәсіпкерлерімен шешуді қажет ететін нақты мәселелерді талқыладық. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша бизнесті қолдау жөнінде 43 қосымша шарадан тұратын іс-шаралар жоспары жасалды. Соның ішінде бизнес ұсынған негізгі бағыттарды қамтиды. Атап айтсақ, сатып алуды жеңілдету және қазақстандық үлесті дамыту. Ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру және кредиттерді қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту. Тауарлар экспортын дамыту және рәсімдерді жеңілдету.  

Қазір шағын және орта бизнесте шамамен 3 миллион 400 мың адам жұмыс істейді.

Олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы орта қалыптастыру оңай емес. Осыған назар аударған Ұлттық экономика министрі жыл соңына дейін бизнестің барлық субъектілеріне қатысты салық жөнінен жоспарлы тексерудің жүргізілмейтінін айтты. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында салалық шектеулер алынып тасталды. Бұл кәсіпкерлерге қызмет түріне қарамастан мемлекеттен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. 

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл микро- және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу. Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен кредиттер 6 процент мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады. 

Бағдарлама аясында айналымдағы қаражатты толықтыруға 5 миллион, ал өндірістік қажеттіліктер үшін 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Салаға серпін беріп, кәсіпкерлерді қолдау мұнымен шектелмейді.

Жыл соңына дейін елдегі экономикалық өсімді қалпына келтіріп, бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған қосымша шаралар қабылданады.

Хабар 24 телеарнасы