419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістандық шаруалар карантин салдарынан ет экспортының көлемін арттыра алмай отыр

  • 1077
  • UPD: 08:13, 06.07.2020
Түркістандық шаруалар карантин салдарынан ет экспортының көлемін арттыра алмай отыр Кабар

Пандемияның таралуы еліміздегі ет экспортына да кері әсерін тигізіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған Түркістан облысы Сайрам ауданының шаруалары өткен жылы 36 мың тонна ет өнімін өндіріп, тең жартысын шетелге шығарған. Ал биыл карантиннің салдарынан ет экспортының көлемін арттыра алмай отыр. Себебі шекаралар жабық, әлемдегі эпидемиялық ахуал әлі де мәз емес. Оның үстіне биылдан бастап етке берілетін субсидия тоқтатылған. Бірақ соған қарамастан шаруалар ішкі нарықты толық қамтуды көздеп отыр.

Сайрам ауданы Манкент ауылдық округіндегі мына өндірістік кооператив 2016 жылы құрылған. Бірнеше шаруа қожалығының басы біріккен мекемеде қазір 1500 бас іріқара бордақыланады. Шаруашылық бір жасар өгізшелерді еліміздің солтүстігі мен Шығыс Қазақстан облысынан сатып әкеледі. 6 ай бойы жемдеп, етке өткізеді. Әзірге бағлан етті ішкі нарыққа шығарады. Ал шетелге экспорттауға карантин кедергі дейді кәсіпкер. Сондай-ақ етке берілетін субсидияның биылдан бастап тоқтатылуы да ет өндірушілерге соққы болып отырғанын жасырмады. 

Фаррухжан Ирисалиев, кооператив төрағасы:

– Айына экспортқа 40-50 тонна ет бере аламыз. Тұрақты. Былтыр 250 тонна ет өндіріп, Қазақстанның ішінде саттық. Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау қалаларына. Биылға 500 тонна шығарамыз деп болжағанбыз. Бірақ қазіргі мынау коронавирусқа байланысты сұраныс аз болып тұр. Сұраныс азайғандықтан, 250-300 тонна ет өндіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Өндірістік кооперативтің тәулігіне 50 басқа арналған өз сойыс алаңы бар. Дайын ет тоңазытқышқа салынып, әбден кептіреледі. Одан кейін арнайы жүк көліктеріне тиеліп, еліміздің кезкелген аймағына жеткізіліп беріледі. Жалпы Манкент ауылдық округіндегі келкелген үй мал бордақылаумен айналысады. 

Шухратулла Убайдуллаев, Манкент ауылдық округінің әкімі:

– Басым бөлігі бізде ауыл шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі күнге ауыл округінде бізде 38 мыңнан астам ірі қара мал бар. Оның ішінде 13 мыңы бордақылануда. 12 мың аналық бас, қалғаны төл, жас бұқашалар. Одан бөлек, халық жылқыны бордақылаумен айналысады. Шағын кәсіпкерлік дамып келеді.

Жалпы Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Мыңға жуық мал бордақылау алаңы бар. Онда 35 мыңнан астам ірі қара бордақылануда. Өткен жылы аудан шаруалары 36 мың тонна ет өнімін өндіріп, тең жартысын экспортқа шығарған. Биыл карантинге байланысты шетелге экспорттауға мүмкіндік болмаса да, өңір шаруалары ет өндірігін өркендете бермек.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы