421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы зауыт өнімін өзгеге сатпастан өзі өңдейді

  • 224
  • UPD: 22:27, 25.07.2020

Еліміздегі ең ірі жарма зауыттарының бірі өзінің жобалық қуаттылығына шықты.

Ақмола облысының Жақсы ауылындағы кәсіпорында күніне 60 тонна шикізат өңделіп, одан 30 тоннаға жуық дайын өнім алынуда.

Жарма зауытындағы өндіріс процестерінің барлығы дерлік автоматтандырылған. Әрбір цехта жұмысты қадағалау үшін ауысымына небәрі 4 адам ғана еңбек етеді. Ал мұнда қазір 9 түрлі өнім шығарылып жатыр. Олар 400 грамнан 2-3 келіге дейінгі қаптамаларға салынады.

Кәсіпорын алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, жұмысшылар қатарын арттыруды да жоспарлап отыр. Ал әзірге нарықты игеру қажет. 

Ғабиден Бралин, кәсіпорын басшысы:

- Қазіргі таңда Қазақстан бойынша Алматы мен Шымкент қалаларына, Шығыс және Батыс өңірлерге де өнім жөнелтіп отырмыз. Жақында экспортқа да сату ойымызда бар. Бұған дейін шетелге шыға алмауымызға карантин кедергі болды. 

Зауытқа шикізат серіктестікке тиесілі егістік алқаптарынан әкелінеді. Сондықтан өнім жағынан мәселе жоқ. Кәсіпорын жанында тәулігіне 1 мың тонна бидай өңдейтін 4 бірдей диірмен кешені де орналасқан. Ондағы мақсат – өз өнімдерін өзгеге сатпай, оны терең өңдеу. 

Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізде жалпы ұн өндірісі жақсы дамыған. Облыста 47 диірмен кешені бар. Олар жылына 1 млн тоннаға дейін ұн шығара алады. Бірақ қазір оның үштен бірін ғана өндіріп отыр. Себебі сатылым нарығы әлі де болса, аздық етеді. Негізінен тек Орта Азия елдері біздің өнімді тұтынады. 

Арпа мен бидайды өңдеумен қатар аймақта өсімдік майын шығаратын 8 зауыт бар. Олар жылына 50 мың тонна өнім өндіреді. Ал биыл Бұланды ауданы мен Көкшетау қаласында тағы осындай екі ірі май зауыты іске қосылмақ. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы