423,09 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде кәсіпкерлерге берілетін қолжетімді несие көлемі 1 трлн теңгеге ұлғайды

  • 209
  • UPD: 21:52, 29.07.2020
Елімізде кәсіпкерлерге берілетін қолжетімді несие көлемі 1 трлн теңгеге ұлғайды

Елімізде шағын және орта бизнеске берілетін қолжетімді несие көлемі 1 триллион теңгеге ұлғайды.

Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі хабарлады. Руслан Дәленовтың айтуынша, бұл қомақты қаражат кәсіпкерлерге бірнеше бағдарлама арқылы беріледі, хабарлайды «Хабар 24».

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Қазіргі қысылтаяң кезеңде елдегі кәсіпкерлік саланың тұралап қалғаны белгілі. Әсіресе, шектеулердің салмағы шағын және орта бизнеске түсіп отыр. Кәсібі тоқтап, шығынға белшеден батқан кәсіпкерлердің саны соңғы айларда айтарлықтай артты. Солардың бірі – Вячеслав Мищенко.

Вячеслав Мищенко, кәсіпкер:

- Біздің кәсіп жалға берумен байланысты. Әртүрлі шараларды техникалық жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Мерекелік жиындармен қатар конференция, форумдарда жұмыс істейміз. 15 наурызға дейін біздің де, бәсекелестеріміздің де ісі тоқтаған жоқ. Карантинге дейін командамызда 6 адам едік, қазір екеуі ғана қалды. Қазір 15 наурызға дейінгі жұмысымыздың 5%-ін ғана жүргізіп отырмыз. Яғни, негізгі табыстан айырылдық.

Вячеслав сияқты кәсіпкерлер қазір өте көп. Еліміздегі аудиторлық компаниялардың бірі жариялаған есепке сүйенсек, 300 мың шаруашылық жүргізуші субьектінің жұмысы уақытша тоқтап тұр екен.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Жаһандық жағымсыз трендтер жыл басынан бері Қазақстан экономикасына әсерін тигізуде. Қазақстан да әлемнің барлық басқа елдері сияқты коронавирус пандемиясына байланысты іскерлік белсенділіктің төмендеуін бастан кешуде. Ең көп зардап шеккен – қызмет көрсету саласы, оның ағымдағы жылдың 6 айдағы төмендеуі 5,6%-ті құрады.

Бүгінгі брифинг кәсібі шатқаяқтаған кәсіпкерлерді қолдауға арналды. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, шағын және орта бизнеске жеңілдікпен несие беру аясы кеңейді. Несиелеу мөлшері 1 триллион теңгеге ұлғайды. Оның 400 миллиарды «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, ал 600 миллиарды Ұлттық банк желісі бойынша беріледі. Бұл ретте экономика маманы Мақсат Халық «кәсіпкерлерді қайта қаржыландыру процесін жүйелі түрде жүзеге асыру керек», дейді.

Мақсат Халық, экономист:

- Көптеген компаниялардың бүгінде несиелері бар. Бірақ оларға екінші деңгейлі банктер «мойындарыңда қарыз бар» деп несие бермей отыр. Ал, қайта қаржыландыру жасайын десе, проценттері өсіп кетпекші. Осы жерде қайта қаржыландыруды дұрыстап жүзеге асырса деген ұсыныс айтқым келеді және үстіндегі сыйақы мөлшерлемесін мемлекет есебінен субсидияласа, бұл компаниялардың іскерлік қызметін тоқтатпай, өмір сүру циклына оңтайлы әсер ететін еді.

Кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2025» және «Еңбек» бағдарламалары арқылы да қаражатқа қол жеткізе алады. Мәселен, алғашқысының көмегімен жыл басынан бері 1700-ден астам жоба қаржыландырылса, екіншісі бағдарламаның аясында 23 миллиард теңгеге жуық несие беріліпті.

Хабар 24 телеарнасы