426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сайрам ауданында жүз адам «Еңбек» бағдарламасының грантын иеленді

  • 338
  • UPD: 20:12, 18.08.2020

Түркістан облысының Сайрам ауданында жүзден астам адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының грантына ие болды. Жыл басында өңір басшысы үй маңындағы жерлерге тамшылатып суару әдісін енгізуді тапсырған болатын. Сайрам ауданында осы жобаны жүзеге асыруға ниет білдірген 100 азаматқа 530 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді.

Мемлекеттік грантқа ие болған аудан тұрғындары өз үйлерінің ауласында тамшылатып суару жүйесін құрып, бақша дақылдарын егуді бастап кетті. Израиль әдісін қолдану арқылы олар әуелі өздерін жұмыспен қамтыса, екіншіден, бақша дақылдарын табыс көзіне айналдыруға мүмкіндігі бар. Ал бұл іске бірінші болып кіріскен аудан тұрғындары аз күнде алғашқы өнімін алуға дайын.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Мемлекеттік грантты пайдалану арқылы біздер үй-іргелік жерлерді дамытуды қолға алып жатырмыз. Қазіргі таңда Сайрам, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында бұл жобалар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Бағдарламаның түпкі мақсаты обыстағы 41 мыңнан астам жұмыссыз адамдардың санын азайтады. Көп балалы, аз қамтылған отбаслыардың өзін өзі ары қарай жұмыспен қамтуына, табысын арттыруға мүмкіндік беретін болады.

Нұржан Нұрашев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы халыққа көп көмегін тигізіп отыр. Жылдың соңына дейін 500-ден астам азаматқа мемлкеттік грант беру жоспарлануда. Өз кәсібін ашқан соң ол кісілер кәсіпкер ретінде тіркелу керек. Жұмыстың жүргеніне байланысты отбасының бірнеше мүшесі жұмыспен қамтылады. Кәсібі жүріп кететін болса басқа да азаматтарды жұмысқа алуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы