420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар балықты аз жейді

  • 145
  • UPD: 21:53, 18.08.2020

Елдегі балық шаруашылығы қарқынды даму керек. Өндіріске көп көңіл бөлініп импорт экспорт реттелуі тиіс. Бүгін Үкімет отырысында осы мәселелер талқыланды.

Қазақстандықтар балықты аз жейді. Бүгінгі Үкімет отырысында айтылған мәселелердің бірі осы. Енді осы байлықты неге пайдаланбасқа деген заңды сұрақ туады. Бағасы қымбат па, әлде елде балық аз ба? 

А. Мамин биылғы 1 қарашаға дейін еліміздің барлық өңірінде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. 

Сондай-ақ өзге қажетті заңнамалық түзетулер де қыркүйекте Парламентке ұсынылады. Балық аулау және оны көбейту — азық-түлік өндірісіндегі басым саланың бірі. Қазақстанда қазір тауарлы балық өсірумен 180 шаруашылық айналысады. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: 

- 2030 жылға қарай 600 мың тоннаға дейін жеткізілуі мүмкін. Сонымен қатар балық саласы АӨК құрылымында негізгілердің біріне айналуы тиіс, экспорт көлемі 10 есе — 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, кемінде 100 мың қосымша жұмыс орны құрылуы тиіс. 

Әр өңірде өндіріс ошақтары жасақталуы тиіс, жаңа ауланған сапасы жоғары балық сататын сауда орындарының санын арттыру маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша бір адамға балықты тұтыну деңгейін 16 келіге жеткізу керек. Ал біздің елде бұл көрсеткіш бір жанға 4 келіге де жетпейді. Азаматтардың пайдалы тамақтану рационын қамтамасыз ету үшін ішкі нарыққа да көңіл бөлу керек. 

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: 

- Тауарлы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған оның ішінде экспорттық әлеуеті бар инвестициялық жобаларға кредит беру көзделген. Соңғы 10 жылда балық шаруашылығы бойынша жалпы өндірістік қуаты 326 мың тонна балық өнімін құрайтын 13900 миллиард теңге сомасына 13 жоба қаржыландырылды. 

Қазақстан жыл сайын 30 мың тонна балықты шетелге экспорттайды. Ол 60 миллион доллардың көлеміндегі тауар. Ал ішкі нарықта сұраныс аз дейді балық шаруашылығымен айналысатындар. Ал шетелге сату тиімді. 

Бақытжан Серманизов, «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы: 

- Процент балықты экспорттаймыз. 2019 жылы 1300 тонна балық экспорттадық. Экспортқа сұраныс жақсы. Бағасы да қымбат. Бірінші мақсатымыз балықты экспорт жасау. Жалпы мемлекетке валюта кіргізу керек. Сол үшін ең басты мақсатымыз экспорт.

Үкіметтің селекторлы отырысында әр министрлікке балық шаруашылығына байланысты бірқатар тапсырмалар жүктелді. Шетелден балықтың бағалы түрлерін жеткізу керектігі айтылды. Және оларды тасымалдау кезінде шекарада бақылаудан өтуде еш кедергі болмау керек. Себебі экспорт үшін болмаған қиындық, импортта да туындамауы тиіс. 

Авторы: Гүлзия Нақыпқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы