426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 7,4%-ке төмендеді

  • 173
  • UPD: 14:10, 20.08.2020

Биыл еліміздің сыртқы саудадағы тауар айналымы 42,5 миллиард долларды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7 процентке төмен болып тұр.

Бұл туралы бүгін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кезінде мәлімдеді.

Айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де саудаласу көлемі 10 процентке түсті. Осы орайда кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығу үшін қолдау көрсетіледі.

Мәселен, жақында 40 азық-түлік өндірушісі Қытай еліне өз өнімдерін жібереді. Сұлтанов 2025 жылға дейін тағы 600 кәсіпорын осы тізімге енетінін хабарлады. Сондай-ақ ведомство өнімдерді сертификаттау жүйесін енгізді. Нәтижесінде отандық экспорттаушылар тауардың Қазақстанда жасалғанын жарты жылда бір рет растаса жеткілікті болады. Министрлік экспорттық қаржыландыру бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялауды қолға алды. Мұндай шешім құны 300 миллиард теңгені құрайтын өнімді жеткізуге мүмкіндік береді. Саудасын электронды форматта жүргізетін бизнесмендер де назардан тыс қалмайды. Кейбір компания табыс салығынан босатылмақ. Сонымен қатар қазір банкаралық аударымдардың комиссиясын төмендету мәселесі қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, қазір елде 13 отандық цифрлық сауда алаңы бар. Жыл соңына дейін электронды сауда көлемі 900 миллиард теңгені құрайды. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 2 триллионға дейін артуы тиіс. 4 жылдан кейін саудаласудың бұл түрі жалпы нарықтың 15 процентін қамтиды деген болжам бар.

Хабар 24 телеарнасы