420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің сыртқы саудадағы тауар айналымы төмендеді

  • 178
  • UPD: 19:47, 20.08.2020

Еліміздің сыртқы саудадағы тауар айналымы 42,5 миллиард доллар шамасында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – былтырғымен салыстырғанда 7 процентке төмен көрсеткіш. Оның себебі түсінікті. Иә, ел мен ел аралас-құралас болмаса, дамудың ауылы алыстай береді. Сондықтан мемлекет қазіргідей қиын-қыстауда экспорттаушы кәсіпкерлерді қолдауға әзір. Нақты қандай шаралар қолға алынған? Оны Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бүгін халыққа есеп беруі кезінде жіліктеп жеткізді.

Соңғы уақытта бүкіл әлем экономикасы шатқаяқтап тұр. Нарықтың бүгінгі ахуалы Қазақстанға да ықпал етті. Шекара жабылғандықтан, экспорттаушылардың қол байланып, табысы ортайды.  Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі сауда көлемі 10 процентке төмендеді. Осыны ескерген Үкімет кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығу үшін қолдау көрсетпек.

Бақыт Сұлтанов, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өнімдерді сертификаттау жүйесін енгіздік. Нәтижесінде отандық экспорттаушылар тауардың Қазақстанда жасалғанын жарты жылда бір рет растаса жеткілікті болады. Енді біздің кәсіпкерлердің өнімдерін көрші елдерге жеткізу әлдеқайда жеңілдейді.

Министрлік экспорттық қаржыландыру бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялауды қолға алды. Мұндай шешім 300 миллиард теңгенің өнімін экспорттауға мүмкіндік береді. Акселерация негізінде 40 азық-түлік өндіруші Қытайға өнімін жібере алады. Бақыт Сұлтанов 2025 жылға дейін тағы 600 кәсіпорын осы тізімге енетінін хабарлады. Сондай-ақ, елде 5 ұлттық халал стандарты енгізілді. Халал, органика, GLP-химия, минералдытыңайтқыштар, құрама жем, дәрі-дәрмек бойынша зертханалар жаңғыртылып, сертификаттаушы мамандар мен сарапшы-аудиторлар даярланады. Кәсібін электронды форматта жүргізетін бизнесмендер де назардан тыс қалмайды.

Бақыт Сұлтанов, ҚР сауда және интеграция министрі:

– Елде 13 отандық цифрлық сауда алаңы бар. Жыл соңына дейін электронды сауда көлемі 900 миллиард теңгеге жетеді. Саладағы кейбір компанияны табыс салығынан босатамыз. Сонымен қатар, қазір банкаралық аударымдардың комиссиясын төмендету мәселесі қарастырылып жатыр. 4 жылдан кейін сауданың бұл түрі жалпы нарықтың 15 процентін қамтиды деген болжам бар. Осы секторды дамыту үшін біз Алибаба, Амазон, Уайлдберис сынды алып компаниялармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 43 отандық кәсіпорын «Алибаба» алаңында сауда жүргізіп жатыр.

Министр тек кәсіпкерлер ғана емес, тұтынушылардың да құқығын ескеру қажеттілігін атап өтті. Ол үшін шағымдарды қараудың үш сатылы жүйесі енгізілді. Енді барлық өтініш «бір терезе» қағидасы бойынша қабылданады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Дмитрий Димитриев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы