424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Агроөнеркәсіпті ерікті сақтандыру қуаңшылықта жұртқа қолдау болды

  • 133
  • UPD: 23:57, 24.08.2020

Егінге орақ түсті. Диқандардың еккені бітік шықса жақсы. Әйтпесе ала жаздайғы еңбек зая кеткен кездер де есімізде. Осының алдын алу үшін елде биыл агроөнеркәсіп кешенінде ерікті сақтандыру жүйесі іске қосылды. Мұның ерекшелігі неде? Бұл сақтандырудың диқандарға қандай пайдасы бар?

Жаз жылда жайлы бола бермесі анық. Жер ана бірде көл-көсір пайдаға кенелтеді. Кейде қып-қызыл шығынға батырады. Сол кезде шаруаларға өнімін сақтандыру қажет болады. Осы жүйенің игілігін көргендердің бірі Қанат Әлмұхамедов. Егіншілікпен айналысатын қожалықтың басшысы. Бидай, арпа, жүгері, күнбағыс өсіреді. Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстанда егістік алқаптары бар. 

Қанат Әлмұхамедов, шаруа қожалығының басшысы:

- Биыл 8315 гектар жерімізді сақтандырдық. 22,5 миллион теңге төледік. Оның жартысын мемлекет өтеп берді. Біздің аймақтарда 60 күнге дейін жауын-шашын бола қоймады. Нәтижесінде ақпараттық жүйе арқылы өтініш бердік. Осылайша өткен аптада 86,5 миллион теңге көлемінде өтемақы алдық. Ерікті сақтандыру жүйесі өте ыңғайлы. Барлық операция онлайн форматта өтеді. 

Онлайн дегені, шаруалар «Qoldau.kz» платформасындағы «Agroinsurance» ақпараттық сервисіне кіреді. Сайттағы жеке кабинетінде фермер өзінің егіс алқабын көрсетіп, сақтандыру компаниясын анықтайды. Сөйтіп барып келісімшарт жасасуы тиіс. Одан кейін сақтандыру сыйақысын төлеп, субсидияға өтініш береді. Осы арқылы шығынның 50 процентін мемлекет субсидиялайды. 

Әсел Рамазанова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ» сақтандыру департаментінің директоры:

- Агроөнеркәсіп кешендегі жаңа жүйеде барлық өнім түрін сақтандыруға болады. Бұл жүйе осынысымен де ерекше. Бұрын тек өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру ғана болатын. Қазір мұндай шектеу алынып тасталды. Яғни егінді де, малды да сақтандыруға болады. 

Бүгінде ел бойынша ауыл шаруашылығының 60 шақты тауар өндірушісі өнімдерін сақтандыру бойынша қормен келісімшарт жасасқан. Оның 47-сі өтемақысын алып үлгерді. Жалпы бұл жүйе егістікті құрғақшылықтан сақтандыру және артық ылғалдың салдарынан сақтандыру болып бөлінеді. Қазір бұл жүйенің екі бағыты да өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр.

Қорған Төреқожа, Дамир Берікұлы, Арман Ақшабаев, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы