420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет қолдауын көрген шаруалар Ақтөбені қыста өніммен қамтамасыз етпек

  • 144
  • UPD: 00:03, 25.08.2020

Мемлекеттік қолдауға ие болған ақтөбелік шаруалар кәсіптерін дамыта түсті. Тек Алға ауданы бойынша мал тұқымын асылдандыру және сүт пен көкөніс өнімдерін тұтынушыларға жеткізу тұрақты жолға қойылған. Тіпті қыс мезгілінде де Ақтөбе нарығын қамтуға үлес қоспақ жоспарлары бар. 

Әділет Ксупов ісі тұрақты жолға қойылған қожалық негізін қалаушылардың бірі. Шаруашылығы облыс пен аудан орталығынан алыс жатса да мұндағы жан мен мал үшін жайлы жағдай жасалған. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында бұрын электр желісі тартылса, былтыр көгілдір отын жеткен. Ал соңғы 5 жылдан бері қолға алған қымыз өндіру ісі бүгінде әжептеуір табыс көзіне айналған. Нәтижесінде сауылатын бие саны 50-ден асып, шаруашылық басында сусын құю цехы пайда болыпты.

Әділет Ксупов, шаруа қожалығының басқарушысы:

- Карантин басталғалы үйден алып кетіп жатыр. Бұрын магазиндерге тапсыратынбыз. Санаториларға қазір сұраныс көбейіп кетті. Болашақта оборцудование алғымыз келеді. Сол кезде сүт өнімін көбірек шығарамыз.

Алға ауданында көкөніс шаруашылығының дамуы да қарқын алған. Мәселен, тек «Өрлеу» қожалығы бүгінде күн сайын 3 тоннаға дейін қияр жинап, оны Ақтөбенің ірі дүкендеріне жеткізеді. Бұл мал басын көбейтуден басқа қолға алынған кәсіп. Енді таяу күндері дақыл егетін алқаптың көлемін екі есеге дейін ұлғайтып, келешекте қызанақ та өсіріп көрмек. Себебі жергілікті өнімге сұраныс көбейген.

Ғалымжан Мошканов, кәсіпкер:

- Қалада 3,5 гектар теплицам бар. Сол енді қысқы уақытта да гипермаркеттерді қамтамасыз етіп. Жаз мезгілінде де қамту үзілмес үшін жазғы теплица салғаным сол. Екінші жоба он күннің ішінде басталады. Оған қызанақ өсіреміз. 

Жалпы ауданда 480-нен астам шаруа қожалығы бар. Оның басым бөлігі мал өсірумен айналысса, соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалардың арқасында тұқымын асылдандыруға ден қойғандар көбейген. Тек биылдың өзінде көрсетілген қолдаудың нәтижесінде ондаған шаруа қажетті техникалар алыпты.

Бекжан Аппазов, Алға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Биылғы жылы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында екі шаруашылық, бірі газ тартуға, екінші электр энергиясын тартуға өтініш беріп отыр. Олардың өтінімдері қаралу үстінде. Шешіледі деп ойлап отырмыз. Жалпы түрлі бағдарламалар бойынша ауданның шаруа қожалықтары 23 техника алған екен. мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көріп отыр барлығы. 

Мамандардың айтуынша, өлкенің ауыл шаруашылығы бүгінде жетекші бағытқа айналып келеді. Сондықтан болар бұл салада түрлі жобаны іске асырғысы келетіндердің қатары да арта түскен.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы