420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атыраудағы газ-химия кешенінің құрылысы келесі жылы аяқталады

  • 193
  • UPD: 23:59, 24.08.2020

Атырау облысында салынып жатқан біріктірілген газ-химиялық кешенінің құрылысы жоспар бойынша келесі жылы аяқталады. Жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге қауқарлы деп есептелген жобаның құны 2,6 млрд АҚШ долларын құрайды.

Біріктірілген газ-химиялық кешені 193 гектар аумақты алып жатыр. Бұл соңғы жылдардағы ең ірі жобалардың бірі болмақ. Іске қосылғаннан кейін жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді. Шығарылатын өнімнің оннан бір бөлігі ішкі нарыққа жіберілсе, қалған 90 проценті Қытай, Түркия, Шығыс және Орталық Еуропа, ТМД елдеріне экспортталмақ. Бүгінде жалпы жұмыстың 74 пайызға жуығы аяқталған. 

Талғат Қуқатов, «KPI» ЖШС құрылыс жөніндегі басқарушы директоры:

- Жобалау бойынша 99 процент бітті. Жабдықтау бойынша 85,5 процент бітіп тұр. Құрылыс бойынша 45 процент жұмыс бітті. Санап келгенде 146 мың куба бетон алынды. 15 мың тонна металл құрастырылды. 65 мың құбырлар құрастырылып тұр. 

Біріктірілген газ-химиялық кешені цифрлық жүйе негізінде жұмыс істейді. Тіпті өнімдерді тасымалдаумен арнайы роботтар айналысады деп жоспарланған. 

Денис Козырев, «KPI» ЖШС технологиялық өндіріс жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары:

- Цифрландыру жүйесі зауыт үшін басты орында. Бұл жерде дайын өнімдерді сақтайтын қойма орналасады. Мұнда 24 мың тоннаға дейін өнімдер белгіленген рет бойынша  қойылады. Бұған қоса, біз бұл қойманы толықтай автоматтандыруды жоспарлап отырмыз.

Естеріңізге сала кетейік, зауыттың құрылысын жүзеге асырып жатқан «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС 2008 жылы құрылған. Ол «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорындағы» компаниялар тобының құрамына кіреді. 2018 жылғы 28 маусымда «Самұрық-Қазына» қоры компанияны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сенімгерлік басқаруға тапсырды

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы