420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда экономикалық жағдай тұрақты – халықаралық сарапшылар

  • 177
  • UPD: 13:44, 25.08.2020

Халықаралық қаржы институттары арнайы зерттеу жүргізіп, осындай тоқтамға келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин мәлімдеді. Оның айтуынша, сарапшылар әлем мемлекеттерінің 60 процентінде жағдайдың нашарлағанын анықтаған. Олардың арасында АҚШ, Канада, Франция, Жапония, Ұлыбритания, Италия сынды алпауыттар бар. Мамандар Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар уақытылы қабылданды дейді. Соның арқасында тұрақтылықты сақтап қалды. Келесі жылы еліміздегі жалпы ішкі өнім көрсеткіші 2,8 процент шамасында болмақ. Инфляция 4-6 процент арасында құбылады. Мемлекет енді мұғалімдер мен дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға жіті көңіл бөледі. Жастарды баспанамен қамтуға басымдық береді. Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етпек.

Экономиканы құрдымға кетіруден құтқаратын – ауыл шаруашылығы саласы. Мамандар осыған бек сенеді. Биыл Қазақстанда 18 млн тонна астық жинау жоспарланған. Соның 20 проценті қазірдің өзінде қамбада жатыр. Шаруалар 1 гектар жерден орта есеппен 13 жарым центнер өнім алып жатыр. Олар үшін жанармай арзан бағада беріліп жатыр. Үкімет басшысы күзгі жиын-терім қарқынын бәсеңдетпеу керек деді. Жиналған өнімнің кейбірі өзге елдерге экспортталмақ.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

– Үкімет тарапынан егін жинау жұмыстарын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдер қабылданды. Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың есебінен осы жылы астықтың болжамды жалпы жиналымы 18 млн тонна деңгейінде (2019 жылға қарағанда 3,4% өсім) жоспарланып отыр. Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз етеді. Экспорт әлеуеті де жақсы болады.

Хабар 24 телеарнасы