426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде неміс тракторлары мен комбайндары шығарыла бастайды

  • 295
  • UPD: 23:00, 28.08.2020
Елімізде неміс тракторлары мен комбайндары шығарыла бастайды

Тиісті құжатқа бүгін әйгілі CLAAS компаниясы пен еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, екі елдің кооперациясына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болды.

Еуропадағы ең ірі өндіруші CLAAS компаниясы әлем бойынша ауыл шаруашылығы техникаларының флагманы саналады. Әйгілі неміс компаниясы өз өнімін 70 елде шығарады. Соның ішінде енді Қазақстан да бар. Тиісті құжатқа бүгін CLAAS өкілдері мен еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қол қойды.

Нилс Роич, Шығыс Еуропа импортерлері нарығы жөніндегі аймақтық директор:

- Біз 20 жылдан астам уақыт Қазақстанда жұмыс істеп келеміз. Бұл нарық біз үшін өте маңызды. Жалпы неміс инвесторларының Қазақстанға деген қызығушылығы мол. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алғашқы тракторлардың шығу сәтін тағатсыздана күтіп отырмыз.

CLAAS компаниясының зауыты Солтүстік Қазақстан облысында салынды. Бастапқы кезеңде 200-ге жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Жобалық қуаты жылына 200 техника жасау. Бұдан бөлек, кәсіпорын келешекте техникаға қажет бөлшектерді де шығармақ ниетте.

Ержанов Аманияз Қасымұлы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- Бүгін мынау ауылшаруашылық машина жасау саласына ерекше күн болды. Ауылшаруашылық машиналарының, тракторлар мен комбайндарының ескіруіне байланысты алдымызға қойған мақсат бар. Соны осы неміс компаниясымен жаңа үлкен жоғары тракторлар мен комбайндармен ауыстырамыз ба деген мақсатымыз бар. Сол мақсатты орындауға бүгін осы келісімнің арқасында бастап жатырмыз деп есептейміз. Бұл жоба ең алдымен біздің фермерлер мен біздің диқандарды комбайндармен тракторлармен қамтамасыз ету.

Қазір Қазақстанда ауылшаруашылық техникаларын өндірумен айналысатын әлемге әйгілі кәсіпорындар жұмыс істеп келеді. Енді солардың қатарына CLAAS компаниясы да қосылды. Ірі өндірушілердің бір жерге топтасуы Қазақстанның ішкі нарығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы