426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар: Қазір шағын кәсіп иелерінің 95%-і мемлекет қолдауына мұқтаж

  • 153
  • UPD: 17:05, 02.09.2020

«Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындары мен халықтың табысын сақтап қалу. Сондықтан біз реформаларға тың серпін беруіміз керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.

Президент бұл бағытта атқарылатын іс-қимыл жоспарын бекітіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Экономиканың барлық саласын қамтитын маңызды құжат туралы мамандардың пікірі қандай?

Қазір шағын кәсіп иелерінің 95%-і мемлекет қолдауына мұқтаж. Мәселен елдегі бизнесмендердің 80%-інің кірісі азайып, соның 30%-і мүлдем табыссыз қалған. Бұл экономиканың осы секторына зерттеу жүргізген мамандардың мәлімдемесі. Осыған орай Мемлекет басшысы өз Жолдауында отандық кәсіпкерлікті қолдаудың бірнеше тетігін ұсынды. Шағын және орта бизнес жұмысын жетілдіретін жаңа құқықтық-нормативтік база әзірлеуді тапсырды әрі салық жүйесіне және ақша-несие саясатына реформа жасау керектігін айтты. «Бұл дер кезінде қабылданған шешім», - дейді кәсіп иелері.

Гүлнәр Құрбанбаева, облыстық «Азаматтық альянс» президенті:

- Мемлекет басшысы айтқан реформаларды жемісті жүзеге асыру үшін бизнес өкілдері де барынша белсенді болуы керек. Бірақ бірінші кезекте жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігін арттыру қажет. Осы орайда Президенттің мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесін түбегейлі өзгертуді тапсыруы тегін емес. Бұл келешекте отандық кәсіпкерлікті дамытып, жемқорлықты азайтуға ықпал етері сөзсіз.

Ауылшаруашылығында да шешімін таппаған өзекті мәселелер жеткілікті. Мемлекет басшысы өз жолдауында «Агроөнеркәсіп саласын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын.

Шаруаларға ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы мен субсидияның кешіктірілуі ауыл еңбеккерлерінің тірлігін ширатуға қолбайлау болуда. «Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осы», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыру керектігін тапсырды.

Шәріпбек Жамалбеков, облыстық «Азаматтық альянс» төрағасы:

- Егер ауылшаруашылық өнімін өндіруші, мейлі ол, ет, сүт, жұмыртқа, басқа да өнімдерді өндіретіндерге субсидия уақытында жетіп отыратын болса, одан кейін оларға айналымға қажетті қаржымен көмектессе, тауар өндіріп жатқан және оны өңдеп жатқан азаматтарға көмектесетін болса, үлкен тірлік болатын еді. Әсіресе, айналымға қажетті қаражат, сосын субсидия беру. Бұл министрліктің тірлігі ме, әлде үкіметтің жұмысы ма, осыған жете мән беріп, зерттеп, осы салаға бөлінетін қаржы шаруаларға тисе.

Ал Жамбыл облысында 98 мың гектардай суармалы жер тиімді пайдаланылмай отыр. Су жүйелерінің 44%-і тозған. Биыл біраз бөлігі қайта жаңғыртылып, 25 мың гектар суармалы жер сумен қамтылған болатын. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сарапшылар «мәселе тек жаңа технологияны енгізумен ғана шешілмейді» деп отыр. Бұл бағытта ғылыми тұрғыда нақты жобалар әзірленіп, инвестициялық мүмкіндіктерді пайдалану керек деп санайды.

Парида Мамедова, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі:

- Инвестицияларды пайдаланып, ғылымның қатысуымен жаңа жобалардың нәтижелері аясында біз өзіміз осы ауылшаруашылықты дамытуымыз керек. Біз мына қырғыз еліне тәуелдіміз. Соның өзінде сол келе жатқан судың өзі рационалды түрде пайдаланбайды. Сол себепті не істеуіміз керек? Менің пікірім, тек қана суды тамшылатып қана пайдаланбай оның тағы бір жаңа тәсілдері бар. Оның тәсілдері, әрине, адамдардың біліміне тәуелді. Жастарымыз өздерінің көңілдерін осы агрокешенге, ауылшаруашылыққа бөлу керек.

Солтүстік қазақстандық қоғам белсенділері Президентке тікелей бағынатын агенттіктердің құрылатынына қуанышты. Себебі бұл бірінші кезекте монополистер тарапынан орын алатын заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға жол ашпақ. Нақтырақ айтсақ, әңгіме газ және энергетика жайында. Өңірдегі қоғамдық бірлестіктің төрағасы Руслан Асаубаевтың айтуынша, соңғы кездері монополистермен жұмыс істеу тіптен қиындап кеткен. Оған себеп – ашықтық жоқ. «Оның үстіне тариф бекітуде де біршама түсініспеушіліктер бар» - дейді ол.

Руслан Асаубаев, қоғамдық бірлестіктің төрағасы:

- Петропавлда бір литр газдың құны – 72 теңге. Ал, көрші Ақмола және басқа да өңірлерде оның бағасы әлдеқайда төмен. Монополистер осы сұйық отынның бағасын 15%-ке көтергілері келгенде, біз бұл салада бірнеше делдал бар екенін анықтадық. Неліктен жағдай осындай екені әлі түсініктсіз. Сондықтан бұл мехнизимді зерттейтін уақыт жетті.

Жолдауда айтылған реформалар экономиканың барлық саласына тың серпін береді. «Бағыт-бағдар айқын, енді тек нәтижелі жұмыс керек», - дейді қоғам белсенділері.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Жандос Жұмабек, Самат Қайырденұлы, Руслан Бақытбек

Хабар 24 телеарнасы