426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде сақтайды

  • 165
  • UPD: 15:33, 07.09.2020
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде сақтайды

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені пайыздық дәлізді +/-1,5 п.т. сақтай отырып жылдық 9,00% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады.

Тиісінше өтімділікті беру жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,50% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 7,50% болады.

Қысқа мерзімді және орта мерзімді мақсатта инфляция тәуекелдерінің теңгерімі ескеріле отырып шешім қабылданды. Проинфляциялық тәуекелдер әлсіз тұрақтандырылған инфляциялық күтулермен, Ресейге қатысты санкциялық риториканың үдеуі аясында қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың артуымен, мұнай сұранысының мейлінше баяу қалпына келуін күтумен және фискалдық және квазифискалдық шаралармен экономикалық белсенділікті одан әрі ынталандыру тәуекелімен көрінеді. Бұл ретте экономикалық белсенділіктің қысқаруына, тұтынушылық сұраныстың баяулауына және әлемдік нарықтардағы азық-түлік тауарлары бағасының күтілетін төмендеуіне байланысты дезинфляциялық факторлардың да ықпалы байқалады.

Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляциялық процестердің серпінін бақылауды сақтауға және жылдық инфляцияның орта мерзімді кезеңде бірқалыпты баяулауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жылдық инфляция болжамдарға сәйкес қалыптасады. 2020 жылғы тамызда ол жылдық көрсетуде 7% болды. Азық-түлік тауарларының қымбаттауы (10,9%) негізгі үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның (5,5%) және ақылы қызметтер инфляциясының (3,4%) серпіні салыстырмалы түрде тұрақты болып қалды. Азық-түлік өнімдерінің көп бөлігіне бағаның инерциялық өсуі азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуінің негізгі алғышарты болды. Олардың құрамында ет, нан-тоқаш өнімдері, балық және теңіз өнімдері, жемістердің бағасы қымбаттады. Қант бағасының жылдық төмендеуі азық-түлік инфляциясына тежеуші әсер етуді жалғастыруда. Карантин шараларын қайталап енгізу азық-түлікке жатпайтын инфляцияның бірқалыпты серпініне негіз болды. Айырбастау бағамы әлсіреуінің ауысуы азық-түлікке жатпайтын тауарларға қатысты бәсеңдеген тұтынушылық сұраныспен, сондай-ақ бензин бағасының баяу өсуімен және дизель отыны бағасының жылдық төмендеуімен өтелді. Коммуналдық қызметтер тарифтерінің уақытша төмендеуінің әсері 2020 жылғы 2-тоқсанда тоқтады, алайда бұл фактор карантин шараларының қабылдануына байланысты қызметтерге сұраныстың төмендеуімен ішінара өтелді. Жалпы алғанда, 2020 жылғы тамыздың қорытындысы бойынша жылдық инфляцияның нақты серпіні болжамдық бағаларға сәйкес келеді.

Жылдың соңына дейін жылдық инфляцияның алдыңғы 8,0-8,5%-дық болжамның төменгі шегіне жуық 8,0%-ға дейін үдейтіні күтіледі.

Инфляциялық процестер тамақ өнімдері бағасының жоғары өсуінің сақталуы және ақылы қызметтер инфляциясының кейбір үдеуі себебінен жеделдейді. Сонымен бірге халықтың нақты ақшалай кірістерінің әлсіз серпіні және әлемдік азық-түлік тауарлары бағасының күтілетін төмендеуі 2020 жылы инфляцияның өсуін шектейтін болады.

2021 жылы инфляция жылдың қорытындысы бойынша 4-6%-дық нысаналы дәліздің жоғары шегіне қарай біртіндеп баяулайды. Инфляциялық процестердің баяулауы 2020 жылы қалыптасқан инфляцияның жоғары базасынан және әлсіз сыртқы инфляциялық қысымнан болады. Азық-түлік тауарларының бағасы өсуінің қалыпты болуы қосымша дезинфляциялық әсер етеді. Сонымен қоса, инфляцияның төмендеуі 2021 жылы ҚР Ұлттық қорынан 1 трлн теңге сомада нысаналы трансфертті қосымша бөлуден тежелетін болады.

Халықтың инфляциялық күтулері жоғары және тұрақсыз болып қалуда. Бір жыл бұрын инфляцияны сандық бағалау 6,9%-ды (шілдеде 6,6%-ды) құрады. Өткен 12 айда бағаның барынша тез өскенін атап өткен респонденттердің үлесі ең жоғары мәндерде қалды (тамызда 65%, шілдеде 64%, бірінші тоқсанда 44%). Респонденттердің 88%-ы азық-түлік тауарлары бағасының тез өскенін (маусымда 89%, шілдеде – 83%), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 7%-ға (шілдеде 10%-ға) өскенін атап өтті. Халыққа көрсетілетін ақылы қызмет құрылымында респонденттер ТКШ қызметіне тарифтердің өскенін, сондай-ақ тұрмыстық қызмет (шаштараз, ателье) қымбаттағанын атады.

2020 жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ІЖӨ-і жылдық көрсетуде 2,9%-ға қысқарды. Экономикалық белсенділіктің төмендеуін күшейту қызмет секторындағы, атап айтқанда сауда мен көлік саласындағы құлдырауға негізделді. Бұдан басқа, тауарлар өндіру секторында тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі қысқаруға байланысты баяулау байқалды.

Қашықтан жұмыс істеуді және онлайн-оқытуды жалғастыру аясында ақпарат және байланыс салалары ІЖӨ серпініне оң үлес қосты. 2020 жылғы жеті айда саланың өсуі 8,7%-ды құрады. Мобильді байланыс қызметтері (2,2%), Интернет желісі (13,2%) және телекоммуникациялық желілер арқылы деректерді беру қызметтері (18,4%) өсті. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 2020 жылғы қаңтар-шілдеде 2,5%-ға ұлғайды, бұл мал шаруашылығы өнімінің 2,6%-ға және өсімдік шаруашылығы өнімінің 2,1%-ға өсуіне негізделді.

Ұлттық Банк 2020 жылғы екінші тоқсандағы экономикалық белсенділіктің барынша түбегейлі құлдырауына, сондай-ақ 2020 жылғы шілдеде карантиннің енгізілуіне байланысты 2020 жылы экономиканың өсу қарқыны бойынша өз күтулерін нашарлатты. Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдарына сәйкес 2020 жылы Қазақстанның ІЖӨ 2,0%-2,3%-ға қысқарады. 2021 жылы 2020 жылғы төмен база және эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы жағдайында экономикалық өсу қарқыны 3,5-3,8%-ға дейін қалпына келтіріледі. Бұған сыртқы сұраныстың біртіндеп қалпына келуі, кейінге қалдырылған инвестициялық жобаларды іске асыру, оң фискалдық қарқын, еңбек нарығындағы жағдайдың жақсаруы және тұтынушылық сұраныстың жандануы ықпал ететін болады.

Тұтынушылық және инвестициялық белсенділіктің төмендеуі жиынтық сұранысқа қысым жасайды. Енгізілген карантин шаралары тұтынушылық белсенділіктің төмендеуіне әсер етіп, халықтың табысына теріс ықпалын тигізді. Жалданбалы жұмысшылардың нақты жалақысы өсуінің баяулауы негізгі фактор болды. Сонымен қатар, жекелеген өндірістердің жабылуы және қызметінің тоқтатылуы еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлауына әкелді.

Негізгі капиталға инвестициялар қысқаруда. 2020 жылғы шілдеде инвестициялық белсенділіктің қысқаруы барынша күрделі болды, жылдық төмендеу 16%-ды құрады. Теңіз кен орнында құрылыс жұмыстарының тоқтатылуына байланысты тау-кен өнеркәсібіндегі инвестициялардың 17,2%-ға құлдырауы жылдың басынан бері инвестициялардың теріс серпініне негізгі үлес қосуын жалғастыруда. Саудадағы (44%), көліктегі (5%), құрылыстағы (47,1%) және кәсіби ғылыми-техникалық қызметтегі (47,9%) инвестициялардың теріс серпіні сақталуда. Нақты сектордың басқа салаларында және мемлекеттік секторда негізгі капиталға инвестициялардың өсуі байқалады.Сыртқы сектордағы ахуал белгісіз болып қалуда. COVID-19 пандемиясымен күрес шеңберінде әлемнің көптеген елдерінде карантин режимінің сақталуы дамыған, сол сияқты дамушы елдерде экономикалық белсенділіктің айтарлықтай қысқаруына алып келді. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауы бойынша 2020 жылғы екінші тоқсанда жаһандық сауда жылдық мәнде 18,5%-ға құлдырады. Соған қарамастан, халықаралық сауданың қысқару көлемі баяулауда, бұл өнеркәсіптегі жаңа экспорттық тапсырыстардың озық индикаторлары серпінінің біршама жақсарғанынан көрінеді. Әлемдік экономиканың даму перспективалары әлі де жоғары белгісіздікке негізделген, атап айтқанда, кейбір елдерде COVID-19-дың екінші қайталануының басталуына байланысты. Сонымен бірге, АҚШ-тағы алдағы уақыттағы президенттік сайлауға байланысты инвесторлар күтетін турбуленттілік аясында әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың өсуі жоққа шығарылмайды. Бұл ретте халықаралық ұйымдар жаһандық экономиканың барынша құлдырауы 2020 жылғы екінші тоқсанда іске асты, одан кейін өзгеріс болады және 2021 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны оң жаққа өтеді деп есептейді. 2020 жылы Қазақстанның сауда әріптес елдерінің өсу перспективалары бойынша бағалау төмендеу жағына қайта қаралды. Consensus Economics күтулеріне сәйкес Ресей экономикасы 2020 жылы бұрын күткендегіге қарағанда шектеулердің барынша ұзаққа созылуына байланысты 5,1%-ға қысқарады. Коронавирус пандемиясы аясында тұтынушылық сұраныс ахуалының нашарлауына байланысты 2020 жылы ЕО экономикасының 7,8%-ға қысқаруы күтіледі. Қытай экономикасының өсуі бойынша 2020 жылға арналған болжамдар нақты сектор көрсеткіштерінің жақсаруы аясында 2,1%-ға дейін өсті.

Ресей рублі геосаяси тәуекелдердің ықпалында болуда. Жаңа санкциялар тәуекелдері ұлғайып, бұл рубль құбылмалылығының артуына әсер етті. Мемлекеттік борышты және аса ірі Ресей экспорттаушыларының валюталық операцияларын қозғайтын АҚШ және бірқатар Еуропа елдері санкцияларының жаңа топтамасының Ресей экономикасы үшін теріс салдары болуы мүмкін. Соған қарамастан, теңгерімді монетарлық және фискалдық саясат экономиканың бейімделу ерекшелігін көрсете отырып, рубльдің айтарлықтай әлсіреуін тежейді.

Сақталып отырған белгісіздік факторлары кезінде әлемдік мұнай нарығындағы жағдай жақсарды. Әлемдік мұнай өндірісінің төмендеуі байқалды, бұл ОПЕК+ қатысушыларының мұнай өндіруді қысқарту жөніндегі келісім шеңберіндегі әрекеттерімен, сондай-ақ АҚШ пен Канадада мұнайды барынша әлсіз өндірумен түсіндіріледі. локдауннан кейін экономиканың ашылуы ескеріле отырып әлемдік мұнай тұтыну серпіні жақсарды. Мұнай тұтынудың өсуі көптеген ірі импорттаушы елдерде тіркелді. 2020 жылдың соңына қарай және 2021 жылы мұнайға сұраныстың одан әрі өсуі күтілуде. Нәтижесінде бұл 2020 жылдың соңына дейін жинақталған қорлардың қысқаруына және 2021 жылғы бірінші тоқсаннан бастап мұнай нарығындағы тапшылыққа әкелуі мүмкін.

Коронавирустың барынша ауқымды екінші рет қайталану тәуекелдері мұнай үшін теріс факторлар болып қалуда, бұл сұраныстың мейлінше баяу қалпына келуіне және нарықта артық мұнайдың пайда болуына әкелуі мүмкін. Бұған АҚШ-тағы еңбек нарығының жай-күйі айғақ, онда қалпына келуіне қарамастан жұмыссыздық деңгейі жоғары (2020 жылғы тамызда 8,4%) болып қалуда. Сонымен қатар Ирактың тарапынан мұнай өндіру көлемінің асып кетуіне қатысты қауіптену бар. Елдің қаржылық жағдайының ауыр болуы себепті ОПЕК+ келісіміне байланысты міндеттемелерін орындауы мүмкін болмайды. Соңғы күндері ОПЕК+ өндірісі көлемінің артуы және Қытай тарапынан сұраныстың ықтимал төмендеуі аясында Brent маркалы мұнайдың бір баррель үшін 42,2 АҚШ долларына дейін 5%-ға мұнай бағасының төмендеуі байқалады. Сауд Арабиясының жеңілдіктер беру жөніндегі баға саясаты ОПЕК басқа мұнай өндіруші елдері үшін басымдық орнатады, сол арқылы мұнай бағасының төмендеуіне қосымша қысым көрсетеді.

Сыртқы инфляция төмен деңгейде сақталып, аздап өсті. ЕО-дағы инфляция шілденің қорытындысы бойынша 0,8%-ды құрады. Қытайдағы жылдық бағаның өсуі шілдеде 2,7% болды, бұл нысаналы бағдардан төмен. Ресейде шілдедегі инфляция 3,4% деңгейінде болды.

Сыртқы монетарлық жағдайлар ынталандырушы болып қалуда. ФРЖ төмен мөлшерлемелердің ұзақ кезеңге жалғасқаны туралы белгі бере отырып, монетарлық саясат стратегиясын қайта қарады. Бұл ретте Ресей Орталық Банкі төрағасының дезинфляциялық тәуекелдер тоқтаған кезде орта мерзімді перспективада бейтарап ақша-кредит саясатына оралу сөзсіз деген мәлімдемесін атап өткен жөн.

Ұлттық Банк инфляция серпініне әсер ететін ішкі және сыртқы факторларға мониторинг жүргізуді жалғастырады. Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан былайғы шешімдер инфляцияның нақты серпінінің оның болжамды бағдарларына, сондай-ақ инфляциялық тәуекелдер теңгеріміне сәйкестігін ескере отырып қабылданатын болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2020 жылғы 26 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады.

Хабар 24 телеарнасы