424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Пандемия жағдайында Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы тоқтаған жоқ

  • 117
  • UPD: 13:05, 08.09.2020

Коронавирус пандемиясы Армения экономикасына да кері әсерін тигізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен, қол қусырып отырған ешкім жоқ. Енді Еуразиялық экономикалық одақ мүмкіндігін пайдаланып, экспорт көлемін арттыруды ойлап отыр.

Лаура Жүсіпбекова, тілші:

- Бұл шағын кәсіпорын коронавирус індеті әлемге тарайтын тұста ашылып еді. Жұмысын бастай бере қайта жабылуға мәжбүр болды. Рас, жаз басталғанда кәсіпорын егесі онлайн сатылымға мән беріп, істің жөні мен жолын тауып кетті. Кәсібіне де қан жүгірді. Дилижан қаласында орналасқан бұл фабрика тоқыма бұйымдарын әзірше өз ел аумағында саудалап жүр. Ал, болашақта өнімін Еуразиялық экономикалық одақ мүмкіндігін пайдаланып, экспортқа шығаруды көздеп отыр.

Анаит Хачатурян, компанияның бас директоры:

- Күні ертең шығарған тауарымызды Ресей, Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге елдерге сатсақ дейміз, сонда табысқа кенелер едік.

Анаит Хачатурян Дилижанда ірі фабрика ашқысы келеді. Пандемияға байланысты тұтыну көлемі азайса да, қазірдің өзінде болашағын ойлап, фирма стратегиясын әзірлеп, тігетін киім үлгілерін де жетілдіре түсті.

Анаит Хачатурян, компанияның бас директоры:

- Талғамы жоғары тұтынушылар да риза болатындай, жаңа нарықтарға сапалы өніммен шыққымыз келеді.

Белді экономистердің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауар экспорттап, кәсіп көлемін арттыру кез келген жеңіл өнеркәсіп иелерінің негізгі мақсаты болуы тиіс. Алақандай Армениядан анау айтқандай табыс табу қисынсыз шығар. Ал, Еуразия үлкен нарық.

Арам Сафарян, Еуразиялық сараптама клубының үйлестірушісі:

- Еуразиялық одақ Армения төртінші өндірістік революцияға белсенді араласуына мүмкіндік береді, экономикасын жақсартуа мүмкіндік алды. Бірлескен кәсіпорындар құрып, ынтымақтастыққа жол ашады. Арменияны экспорттаушы елге айналдырады.

Шыны керек, елде соңғы үш жылда экспортты әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Пандемияға қарамастан, Ресейге ауылшаруашылық өнімдерінің  экспорт көлемі өсті. Соңғы екі жылда Беларуське де экспорт мөлшері екі есе артқан. Логистика жағынан қиындықтар болғанымен, Қазақстанмен де саудасы өрбіп келеді.

Ашот Тавадян, экономика ғылымдарының докторы:

- Қосылған құнның үлесі жоғары дайын өнімдеріміздің экспорты едәуір артты. Биыл Қазақстанмен арамыздағы тауар айналымы сәл өсті. Электротехника, энергетика, металл өнеркәсібінде әлеуетіміз зор, осы мүмкіндіктерді пайдалана аламыз деп санаймын.

Еуразиялық бірлестіктің Армения үшін тағы бір артықшылығы – ортақ еңбек нарығы. Мамандардың есебінше, бұл елдің 200 мыңдай азаматы Ресей мен Қазақстанда еңбек етеді. Ал олар жылына жүздеген миллион доллар қаражатты өз еліне аударып келеді.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы