420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда микрокредитке сұраныс артып барады

  • 96
  • UPD: 12:20, 10.09.2020

Биыл жеті айда елдегі микроқаржы ұйымдар қазақстандықтарға 355 млрд тг несие берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша тұрғындардың қаржы ұйымдарына берешегі 39 млрд тг-ге артқан. Ұлттық банк микроқаржы ұйымдарының 6 жылдық жұмысының қорытындысын жариялады. Осы аралықта несие алу көрсеткіші бір де бір рет төмендемеген.

Елде микрокредитке сұраныс артып барады. Соңғы бір жылдың өзінде алынған несиенің көлемі 100 млрд тг-ге жуықтаған. Осынша қаржы кімге берілді дерсіз? Бұған дейін негізінен микроқаржы ұйымдарынан жеке тұлғалар несие алатын. Соңғы кезде кәсіпкерлерден де сұраныс артқан. Мәселен, жылдың басында заңды тұлғаларға берілген несиенің жалпы көлемі 6 млрд теңге болса, алты айдан кейін сома 20 млрд-қа жеткен. Несие қоржынының артуымен қатар қарызды кешіктіріп төлеу көрсеткіші де көбейген. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлерге берілген қарыздың 15% дәл уақытында қайтарылмайды.

 

Еуроаймақ экономикасы 11,8% құлдырады

Құрамына 19 мемлекет кіретін Еуроаймақтың экономикасы жылдың екінші тоқсанында 12% төмендеді. Бұл – соңғы 25 жылдың ішіндегі ең жылдам әрі ауқымды құлдырау. Мұндай ақпаратты Еуростат басқармасы жариялады. Сарапшылардың айтуынша, экономикалық құлдырауға коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеулер себеп болды. Атап айтсақ, сәуір мен маусым аралығында тұтынушылық шығын 12,4% төмендеді. Инвестиция көлемі 17%, ал мемлекеттік шығындар 2,6% қысқарған. Бұған қоса экспорт пен импорт та айтарлықтай азайған. Сәйкесінше екінші тоқсанда Еуроаймақта жұмыспен қамтылғандар саны 2,9% кеміген.

 

Неміс машинасына сұраныс төмендеді

Коронавирус пандемиясына байланысты Германиядағы автокөлік жасау саласының табысы айтарлықтай азайды. Салдарынан ел экономикасының негізгі қозғаушы күші бола алмай қалды. Себебі пандемия басталған кезде көлікті өзге елдерге жеткізу тоқтап қалды. Кейін сұраныс азайып кеткен. Ал дайын көлік зауыт гараждарында сіресіп тұр. Осыған байланысты автомобиль индустриясы қызметкерлерді қысқарту немесе жұмысты қайта үлестіру мәселесін қарастырып жатыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты автопром өкілдері үкіметтен қосымша көмек беруді сұраған. Алайда Ангела Меркель қаржылай көмек сомасын көбейтуге ниетті емес.

 

Көлік таныстырылымы онлайн форматқа көшеді

Әлемдегі автокөлік жасаушылар темір тұлпардың жаңа нұсқасын таныстыратын көрмені онлайн өткізуге ниетті. Олар коронавирус пандемиясы аяқталғаннан кейін де көпшілікті жинап, салтанатты шара өткізуді доғармақ. Германияның экономикалық зерттеулер институты жүргізген сауалнама қорытындысы осындай. Онда неміс машинасын жасаушылардың 40% көрме алаңдарының алдындағы міндетін азайтатынын айтқан. Ал 65% тұсаукесердің цифрлы форматына көшуді жоспарлап отыр. Айтуларынша, таныстыруды онлайн өткізгенде шығын аз, көрермендер аудиториясы көп болады.

 

LADA Granta – Қазақстан нарығында ең көп сатылатын көлік

Қазақстан нарығында ең көп сатылатын әрі қолжетімді көлік – LADA Granta. Бүгінде ел көшелерінде осы маркадағы 40 мыңдай темір тұлпар жүр. Бүгін нарықтағы баға айдарында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде осы маркадағы көліктің бағасын салыстырамыз. Мысалы, механикалық беріліс қорабымен қозғалтқыш көлемі 1,6 және 2020 жылғы Granta-ны алдық. Баға жағынан еуразиялық экономикалық аймақ елдерінің ішінде Granta ең қымбат мемлекет – Қазақстан. Бізде көліктің бұл маркасын 3 млн теңге шамасында алуға болады. Ал Беларусь Республикасында 2 млн 900 мың теңгеге алуға болады. Ал Қырғызстанда дәл осындай көлік теңгеге шаққанда 2 млн 390 мыңға шығады. Арменияда баға осындай. LADA Granta ең арзан мемлекет, әрине, Ресей. Темір тұлпардың бұл маркасын мұнда 2 миллион 350 мың теңге шамасында алуға болады.

Валюта бағамы

Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 426 теңге 36 тиынға тең. Еуро – 500 теңге 90 тиын. Ресей рублі 5 теңге 61 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы