426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар шараны қолға алмақ

  • 88
  • UPD: 22:02, 15.09.2020

Жыл басынан бері еліміздің аймақтарында әлеуметтік азық-түлік бағасы 4,4%-ке өсті.

Бұл туралы бүгін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Оның хабарлауынша, бұған төтенше жағдай режимінің енгізілуі әсер еткен.

Алдағы уақытта баға өсіміне жол бермеу үшін Үкімет бірқатар шараны қолға алмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлері бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Коронавирус індеті басталғалы азық-түлік қымбаттағанын барлық қазақстандық байқады. Әсіресе, әлеуметтік тауарлардың құны наурыз-сәуір айларында көтерілді. Оған жол бермеу үшін жауапты ведомствоға әлеуметтік 9 тауар бағасына шектеу қоюға тура келді. Десе де, шектеуді бұзғандар да аз болған жоқ. 180 кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салынды. Бағаны бір деңгейде тұрақты ұстау үшін жергілікті бюджеттерден 11,8 миллиард теңге бөлінді.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Біздің бағалауымызша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі тұрақтанады және жыл соңына дейін 6%-тен аспайды. Бұл болжам барлық қолданыстағы факторларды және бағаны тұрақтандыру бойынша жоғарыда аталған мемлекет қабылдаған шараларды ескере отырып жасалды.

Бұған дейін өз кәсібімен айналысып жүрген азаматтардың көбі індеттің салдарынан табысынан айырылды. Енді Үкімет елде индустрияландыруды дамытуға басымдық беріп, жаңа жұмыс орындарын ашпақ.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Соңғы 8 айда өңдеуші өнеркәсіпте оң динамика байқалып, 3%-ке өсті. Бұл көрсеткішке пандемияға қарамастан қол жеткізілді. Биыл Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 996 млрд 206 жобасы іске асыру жоспарланып отыр. Бұл өндіріс көлемін 1,3 триллион теңгеге эксапортты 325 млрд теңгеге және 19 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Капиталды ең қажет ететін Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодарда. Қалған өңірлер жобаларды іске асыруды жандандырсын.

Отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында елімізде өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады. Енді өңдеуші кәсіпорындарға мөлшерлемесі әдеттегіден 3%-ке төмен несие беріледі.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Салалар бойынша алсақ, ең көп жаңа өндіріс агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібінде – 76 жоба. Құрылыс материалдары мен машина жасау саласында тиісінше 38 және 19 жобадан. 2020 жылдың 8 айында жалпы сомасы 204 млрд. теңгені құрайтын 28 жоба пайдалануға беріліп, 4300 жұмыс орны ашылды. Үшінші тоқсанда жалпы сомасы 97 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жобалардың негізгі бөлігі биыл төртінші тоқсанында іске қосылады.

Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы индустриялық жобаларды асыру кезінде моноқалаларға басымдық беру қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ, ол жыл соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырды.

Авторы: Дариға Ташенова

Хабар 24 телеарнасы