420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан картоп экспортын арттырады

  • 46
  • UPD: 12:15, 16.09.2020

Қазақстан биыл картоп экспортын арттырады. Көкөністі Ресей нарығына жіберу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Құрғақшылық салдарынан көрші елде өнім аз болады», – дейді мамандар. Сондықтан Ресейде картоп күрт қымбаттауы мүмкін.

Көрші елге қарағанда отандық шаруалар биыл мол өнім алатынына сенімді. Бірақ картоптың бағасы бізде де қымбаттаған.

Биыл қазақстандық өндірушілер 1,5 млн тоннадан астам картоп жинаймыз деп жоспарлап отыр. Бұл ішкі нарықты сәуірге дейін қамтамасыз етіп, тұқым отырғызуға жеткілікті. Бұл туралы Қазақстанның картоп және көкөніс өсірушілер одағының басқарма төрағасы Қайрат Бисетаев хабарлады. Оның айтуынша, биыл 300 мың тоннаға жуық өнім экспортталады. Айта кетейік, былтыр сыртқа жіберілген өнім бұдан 50 тоннаға аз болды. Негізінен картоп Өзбекстанға экспортталады. Өнімнің бір бөлігін Түрікменстан да сатып алады.

Сонымен қатар мамандар қыстың ортасында Ресей тарапынан сұраныс күрт артады деп болжап отыр. Ал өнім бағасына келер болсақ, картоптың көтерме бағасы орта есеппен 10-15 теңгеге өскен. Егер былтыр шаруалар бір келі картопты 40-45 теңгеге сатса, қазір оның құны 60 теңгеге дейін жетті. Салалық одақ басшысының айтуынша, картоптың қымбаттауына девальвация себеп болған. «Өндірушілер егістіктегі техниканың жартысынан көбі сырттан әкеліп, қосалқы бөлшектер мен тыңайтқыштарды шетелдік валютаға сатып алады», – деді Қайрат Бисетаев.

Қазір елімізде картоптың көтерме бағасы 50 теңгеден басталады. Ал бөлшек саудадағы картоптың құны қандай?

Павлодарда бір келі картоп – 80 теңге. Көкшетауда да баға осындай. Ал елордалықтар картоптың келісін 85 теңгеден сатып алады. Өскемен дүкендерінде баға бұдан жоғары: 90 теңге. Талдықорғанда көкөністің құны 100 теңгеге дейін жетеді. Ал Ақтауда бір келі картоп 130 теңгеден сатылады.

 

Қазақстандықтардың шығындары артқан

Биыл ел тұрғындарының шығындары 4%-ке өсті. Бір адам орта есеппен 166 мың теңгеден астам қаржы жұмсайды. LS сараптама агенттігі осындай статистика келтіреді. Хабарламаға сай халық шығындарының 90%-і тұтынушылық сипатқа ие. Сонымен қатар ақшаның жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалатын көрінеді. Мұндай шығындарың үлесі 5%-ке өскен. Халықтың несиелер мен қарыздарды өтеуге кететін қаржысы да есептелді. Жылдың екінші тоқсанында әрбір қазақстандық орта есеппен бұл мақсатқа 9 мың теңге жұмсайтыны анықталған. «Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп», – дейді сарапшылар. Нәтижесінде қарыздар мен несиелерді өтеу қазақстандықтардың шығындарының 5%-тен астамын құрады.

 

Әлемде мұнайға сұраныс төмендеуі мүмкін

2020 жылдың екінші жартысында дүние жүзінде мұнайға сұраныс төмендейді. Халықаралық энергетика агенттігі осындай болжам жасады. Мамандар мұны коронавирус пандемиясынан кейін әлемдік экономиканың қалпына келу қарқынының баяулауымен байланыстырды. Сонымен қатар індеттің екінші толқыны да мұнай нарығына кері әсер етеуі мүмкін. Болжам бойынша 2020 жылы қара алтынға сұраныс тәулігіне 200 мың баррельге дейін қысқарып, тәулігіне 91,7 млн баррельді құрайды.

 

Қытай экономикасы қалпына келуде

Қытай экономикасы жоғары қарқынмен қалпына келуде. Бұған өткен айда негізгі индикаторлардың өсуі дәлел. Қытайда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 5%-тен астам көтерілген. Елдегі металдар, құрылыс материалдары мен компьютерлер өндірісі артты. Бөлшек саудада да оң динамика байқалады.

Әсіресе косметика, зергерлік бұйымдар және ұялы телефондар саудасы қызған. Бұдан бөлек жолаушылар тасымалы да күрт өсті: тамызда индекс өткен жылдық деңгейден 80%-ке жоғары болды. Сарапшылардың пікірінше, Қытай бұл дағдарысты бірінші болып еңсеріп, әлемдік экономиканың көшбасшысына айналады.

 

Доллар бағамы

Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллардың орташа бағамы – 426 теңге 46 тиын, еуро – 506 теңге 59 тиын, рубль – 5 теңге 68 тиын.

 

 

Хабар 24 телеарнасы