427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Аграрлық несие корпорациясы» инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ерекше назар аударып жүр

  • 157
  • UPD: 11:34, 28.09.2020

Елімізде жеңілдетілген несие бойынша 21 млрд теңгеден астам қаржы жеміс бақтарын дамытуға бағытталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«ҚазАгро» холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» бүгінгі таңда инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ерекше назар аударып келеді. Әсіресе Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында қаржыландыру тетігі ойдағыдай жүзеге асырылған. Себебі бұл аймақтарда ауа райы қолайлы және кәсіпкерлері белсенді. Диқандар жеңілдетілген несие арқылы, алма, жаңғақ, жүзім және де басқа шекілдеуікті, сүйекті жеміс дақылдарын өсіруді қолға алған. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту ісіне де көңіл бөлініп келеді.

«Аграрлық несие корпорациясының» инвестициялық бағытының бірі – жеміс бақтарын қаржыланжыру. Түркістан облысындағы «Қазығұрт бақтары». Ауыл шаруашылығы кооперативі 140 гектар аумаққа Грении Смит, Айдаред, Голден Делишес, Гала сынды алма сұрыптарын еккен. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізген бағбан Ержан Мәдібеков әуелі көшеттер алып, бағын израильдік технология бойынша тамшылатып суғару жүйесімен жабдықтаған. Құрал-жабдықтарды да несие арқылы алған. Биыл алма ағаштары алғашқы өнім берді.

Ержан Мәдібеков, «Қазығұрт бақтары» АШК басшысы:

– Бұл жобаның жалпы құны 1,6 млрд 10 жыл ішінде қайтаруға жоспарланған. Бау 7-8 жылда өзін-өзі ақтайды. Бізде жеңілдетілген несиемен қоса мемлекеттен осы шыққан шығынның 25% субсидиялайды. Әрине, мемлекеттің мұндай қолдауы үлкен көмек болды.

Сүт өндірісі де – маңызды сала. Соңғы 10 жылда «Аграрлық несие корпорациясы» 134 мың тонна сүт өндіретін 45 жобаға қолдау білдірген. Соның бірі – «Бөрте Милка» серіктестігі. Отандық нарыққа 4,3 тоннадан астам сүт шығарады. Мыңнан аса мал басын құраған ферма өзінің өнімін өзі өңдейді. Аграрлық несие корпорациясы арқылы алынған қаражатқа кәсіпкер малды байлап бағу жабдығын, Еуропада жасалынған жемді тегістеу құрылғыларын сатып алған. Мұнда 80 адам жұмыспен қамтылған.

Нұралы Әбішев, «Бөрте Милка» ЖШС бас директоры:

- «Аграрлық Несие корпорациясының» тиімділігі өте жақсы. Біріншіден 4-6 % арасында. Бұл өте төмен пайыз. Екіншіден компания несиені 10-12 жылға береді. Үшіншіден, сен оны ай сайын төлемейсің, қалаған уақытыңда келісуге байланысты.

«Аграрлық несие корпорациясы» жаңа технологияның дамуына, бәсекеге қабілетті өнімнің нарыққа шығуына серпін береді. Ауыл шаруашылық саласының дамуына, жалпы отандық өндірістің қарқын алуына қолдау көрсетіп келеді.

Бағлан Құлтаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:

– «Аграрлық несие корпорациясы» аграрлық секторды дамытуға көмектеседі. Биылғы бірінші жарты жылдықта 5 мыңнан астам фермер қаржыландырылды. Жалпы сомасы 140 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар біз инвестициялық жобаларды дамытуға үлкен мән береміз.

Бүгінде компания қоржынында жалпы құны 73 млрд теңгені құрайтын 154 инвестициялық жоба бар. Мақсат – ауылшаруашылық саласындағы инвестиция мен азық-түлік өндірісін молайту.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы