428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжанда Қазақстанның сауда үйі ашылды

  • 173
  • UPD: 15:59, 26.09.2020

Аталған орталық отандық бизнес қауымдастықтың Бакудегі алғашқы сауда өкілдігі болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат – екі елдің бизнес өкілдерімен іскерлік байланыс орнатып, «Қазақстанда жасалған» өнімдерді Әзербайжан нарығына шығару.

Қазақстанның Әзербайжандағы сауда үйі тіркеуден өтіп, енді бизнес байланысты реттеу жағына кірісті. Сауда үйі басшылығының айтуынша, екі ел кәсіпкерлерінің өзара тиімді ынтымақтастық орнатуда болашағы зор.

Руфат Рзаев, Қазақстан сауда үйінің бас директоры:

- Әзербайжанда Қазақстанның сауда үйін құру идеясы биылғы жылдың басында келді. Ол Қазақстан елшілігінің тікелей көмегімен іске асты. Өкінішке қарай індет төңірегіндегі ахуал жоспарымызға бірқатар түзету енгізді. Соған қарамастан, жұмысымызды ары қарай жалғастырып келеміз. Күнделікті онлайн форматта кездесулер мен консультациялар ұйымдастырамыз. Екі ел арасында әуе қатынасы қайта жанданса, қазақстандық экспорттаушылардың қатысуымен Бакуде жәрмеңке өткізбек ойымыз бар.

Қазақстан Әзербайжанға көбіне бидай, мұнай өнімдері мен ауыр өнеркәсіп тауарларын жеткізеді. Бірақ сауда үйінің бастамашылары бұл тізіммен шектеліп қалмақ емес. Жоспарда тауарлар жәрмеңкесін ұйымдастыру мен B2B кездесулер өткізу бар.

Руфат Рзаев, Қазақстан сауда үйінің бас директоры:

- Екі ел арасындағы импорт пен экспортта бұрыннан сұранысқа ие тауарлар тізімі бар. Бірақ біз оны алдағы уақытта кеңейтпек ниеттеміз. Мәселен, азық-түлік пен тоқыма салаларын алайық. Бізге ортақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша қазақстандық бизнесмендер де, әзербайжан кәсіпкерлері де хабарласып тұрады. Сондықтан ынтамақтастық орнатуға мүдделілердің барлығын шақырамыз.

Коронавирус індеті кесірінен әлем бойынша тауар айналымы мен бизнес байланыс үзілгені хақ. Соның ішінде Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда байланысы да бар. Соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы небәрі 68 миллион долларды ғана құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмен көрсеткіш. Енді бизнес қауымдастық алдыңғы тауар айналымын қайта қалпына келтіріп, жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Орталықтың ашылуы жағдайды тұрақтандырудың бірден бір жолы екені сөзсіз.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы