427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысының балық өнеркәсібі қолдауға мұқтаж

  • 123
  • UPD: 21:51, 05.10.2020

Қызылорда облысында жылына 12,5 мың тонна балық өңдейтін 9 зауыт бар. Оның төртеуі «Еурокод» иеленген. Яғни өнімін Еуропа елдеріне сата алады. Бірақ жыл сайын өңірдің өзен-көлдерінен 8 мың тонна ғана су маржаны сүзіледі. Өндірісті толық қуатында жұмыс істету үшін шикізат қорын көбейту керек. Аймақта тауарлы балық шаруашылығын дамыту маңызды. Саланы серпілтуге не кедергі?

Төребек Игіліков балық шаруашылығында 12 жылдан бері тер төгіп келеді. Оның ашқан цехында жылына 1,5 мың тонна балық өңделіп, ішкі нарықтан бөлек алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Жыл сайын балық өніміне сұраныс артқандықтан ол жақында Ақшатау көлінің маңынан инкубациялық цех салды. Енді өндірісін 5 есе арттыруды көздеп отыр. Алайда тіршілікке тұсау болған түйткілдер де жоқ емес.

Төребек Игілік, кәсіпкер:

- Біздерге субсидия деген мәселе қиындау болып тұр. Тек ғана жемге беріп тұр, басқаға бермей тұр. Малды алсақ, малға көп субсидия беріліп жатыр. Ал біздер балық шаруашылығында шетелге экспорт жасап, көп есе жіберіп жатырмыз экспортқа. 

Мұнан бөлек су қорғау белдеулерінде балық өсіру шаруашылықтары мен құрылыстар салуға тиым салынған. Балық өсіру кезіндегі тұтынылған су көлеміне артық төлем жасау секілді мәселелерді де заңнамалық тұрғыда шешу маңызды. 

Тынысбек Барақбаев, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Арал филиалының директоры:

- Балық өсіруші кәсіпкерлерге, балық өсіруші мамандарға мемлекет тарапынан субсидия бөлу. Яғни ол субсидиялар жемге, басқа да құрал саймандар алып беруге, ғылыми биологиялық негіздемелер жасауға. 

Сарапшылардың айтуынша, саланы серпілту үшін салық, су, жер кодекстеріне де бірқатар түзету енгізу қажет. Сондай-ақ Үкімет тапсырмасына орай қазір әр өңірдің табиғи ерекшелігіне сай «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» әзірленіп жатыр.

Тынысбек Барақбаев, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Арал филиалының директоры:

- Балық өсіру су шаруашылықтарында немесе балық өсіру су айдындарында гидротехникалық құрылғылар құру, яғни балықтың шығуын, кетуін немесе басқа да жайыттарды болдырмас үшін арнайы гидротехникалық құрылғыларды құру, сол сияқты үлкен мәселелерді жолға қойды. 

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам басына шаққанда жылына 16 келіден кем емес балық тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 келіден аспайды. Айтулы межені еңсеру үшін елімізде қосымша 300 мың тонна балық өсіру қажет екен. Дегенмен, салада сең қозғалды деуге негіз бар. Өңірлік бағдарламалармен қатар мемлекеттік қолдаулар іске асатын болса, балық өсірудің де адымы ашылары анық.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы