429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан биыл 7-8 млн тонна астықты экспорттай алады

  • 105
  • UPD: 15:15, 06.10.2020

Елімізде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау науқаны аяқталуға жақын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнге дейін 16 миллион гектар жерде жұмыс жүргізілген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, жиналған астық еліміздің ішкі қажеттілігін толығымен қамтиды.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– Бүгінгі Үкімет отырысында ішкі нарықты отандық өніммен толтырудың және Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың жолдары талқыланды. Бұл екі мәселенің де өзектілігі карантин кезінде анық байқалды. Жиында алғаш болып Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров сөз алып, баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға аз қалды. Ал жиналған өнім елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге жетеді деді сала басшысы. Бұдан бөлек, 7-8 миллион тонна астықты экспорттауға мүмкіндік бар көрінеді. Ескеретін тағы бір жайт, биыл егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталыпты. Оған қолайлы ауа райы және шаруалардың техникалық дайындығы ықпал еткен.

Жалпы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында тапсырған.

Осыған байланысты қазір мониторинг азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Министрліктің дерегі бойынша, 12 тауар бойынша ішкі нарық 100 процентке және тіпті одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. Тағы 11 өнім бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80 проценттің шамасында екен. Енді азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту керек. Олар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық.

Үкімет отырысында отандық өндірушілерге жағдай жасау жағы да сөз болды. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қазір Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жүйе шығынды азайтуға, бағаны тұрақтандыруға, сауда инфрақұрылымын дамытуға және экспорт арналарын құру шараларын кешенді түрде іске асыруға мүмкіндік береді.

Хабар 24 телеарнасы