432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандағы туристік компаниялар банкротқа ұшырауы мүмкін

  • 103
  • UPD: 21:59, 08.10.2020

Еліміздегі туристік компаниялар банкрот болуы мүмкін. Биыл осы саладан пайда  тауып отырған мекемелер табысы 40 процентке дейін азайды. Ірі  курорттық орындардағы демалыс нысандарының көбісі бос тұрды. Бұрын Алакөлдің тек шығыс жағына 500-ден 700 мыңға дейін турист демалса, биыл жазда 20 мың ғана адам келген. Сондықтан осы саланың сарапшылары елдегі туристік саладағы  кәсіпкерлерге  өз істерін әртараптандыруды ұсынып отыр.

Шығыста бұрын жолдама сатумен айналысатын 80-нен аса туристік компания болса, биыл соның тең жартысы банкрот болды. Ақпан айына дейін ғана  қарқынды жұмыс істеп келді. Пандемияға байланысты наурыздан бастап қатаң карантиндік ереже енгізілгендіктен агенттіктер жұмысын мамыр айына дейін тоқтатты. Тек маусым айынан бастап біртіндеп ішкі туристік орындарға жолдама сата бастаған. Бірақ оның өзі  бұрынғыдай болмады.

Мария Русина, туристік агенттіктер қауымдастығының өкілі:

- Демалыс орындарын біресе ашты, біресе жапты. Одан соң ПТР тесттерді де біресе енгзіді, біресе қажеті жоқ деді.  Өте көп адам алдын ала алып қойған жолдамаларын қайтарып тастады. Біз жалпы қаңтар айынан бастап жолдма сатып келгеміз. Оған қоса Алакөлге бұрын  туристердің 40-50 проценті Ресейден келетін.  Биыл шекара жабық болды.

Шекара жабық болғанымен ішкі демалыс  нысандары  маусымнан бастап ашылды. Тек 50 процентін ғана қабылдау міндеті жүктелді.

Айдынды Алакөл. Мұнда маусымнан қыркүйекке дейін демалыс орындарынан туристер үзілмейтін. Биылғы жағдай мүлде басқаша. Тек Алакөл емес, облыстағы басқа демалыс  орындары  да  табыстан  айтарлықтай қағылды. Осы салада 20 жылдан  кәсіптен нәсіп тауып келе жатқан Александр Чиликин туризм бизнесін тек маусымдық табыс  көзімен ғана өлшеуге болмайтынын айтады. Бұл салаға қаржы  салған   кәсіпкер  жыл он екі ай жұмыс істейтіндей жоба жасауы тиіс. Оған қоса  мемлекеттен субсидия берілген жөн деп санайды.

Александр  Чиликин, туристік нысан  директоры:

- Мәселен, мемлекеттен берілген субсидияны біз алмауымыз керек. Ол қаржы жолдама ретінде әлеуметтік әлеуеті әлсіз азаматтарға беріледі.  Олар сол жолдамамен бізге келеді. Мұндай тәжірибе Түркияда бұрынан бар. Ал көрші Ресей де енгізді. Бөлінген субсидия арқылы туристік сала  дамыса, мемлекетке қаржы қайта қайтады. 

Қаржыны қайта қайтару үшін қазір мемлекет нақты туристік бағыттар анықталған жерлердің инфрақұрлымын жөндеп береді. Тек былтырдан бері Алакөл аумағын дамытуға 6 миллиард теңге бөлінді. Кәсіпкерлерді қолдаудың да тізімі жасалып жатыр. 

Марат Қабақов, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

- Енді кәсіпкерлерді қолдау бойынша қазір үкіметте тізім шаралары қарастырылуда. Әлі оны нақты критерийлері бекітілген жоқ. Айту әлі ерте. Бірақ енгізу қарастырылуда. Проритет қою керекпіз. Сол проритет Алакөл болып отыр. Алдымен Алакөлді оңына дейін жеткізіп дамытып, содан кейін  ары қарай басқа түрлерін дамытуды ойластырып отырмыз.

Ойластырылған жобалардың бірі «Ақниет» деп аталады. Ол бойынша туристік саладағы кәсіпкерлерге жылдық өсімі 8 проценттен аспайтын несие берілуі мүмкін.

Авторлар: Олжас  Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы