432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Самұрық-Қазына» әлемдегі үздік жиырма қордың қатарына енді

  • 110
  • UPD: 23:09, 08.10.2020

«Самұрық-Қазына» тұрақты дамуды қамтамасыз ететін әлемнің үздік 20 қорының қатарына енді. Бұл тізім Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінде жарияланған. «Самұрық-Қазынаның» көшбасшылар тізіміне енуі тұрақты даму бойынша қабылданып жатқан шаралардың халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді.

БҰҰ «Мемлекеттік тәуелсіз және зейнетақы қорлары қалай орнықты дамуды қамтамасыз етеді: көшбасшылар тәжірибесі мен ұсынылған ықпалдастыру құрылымдары» деген тақырыпта өз есебін жариялады. Оның негізінде әлемнің үздік 20 қоры анықталды. Көшбасшылардың бұл тізіміне 4 ұлттық әл-ауқат қоры және 16 зейнетақы қоры іріктеліп алынған.

Оның ішінде Сингапурдың «Temasek Holdings», Австралияның «Future Fund» және Жаңа Зеландияның «New Zealand Superannuation Fund» қорлары бар. «Самұрық-Қазына» да осы тізімге кіріп отыр. Жалпы құжатта әлемдік деңгейде активтерді басқару бойынша ең ірі саналатын 30 ұлттық әл-ауқат қоры және 50 мемлекеттік зейнетақы қоры қамтылған.

Атап өтейік, биылғы маусым айында S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі «Самұрық-Қазынаның» ұзақ және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтерін  «ВВ+/В» деңгейінде, болжам «Тұрақты» екендігін растады. Бүгінгі таңда активтер көлемі бойынша «Самұрық-Қазына» әлемнің топ-30 тәуелсіз қорларының ішінде 21-орында.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» 2008 жылы құрылды. Коммерциялық құрылым инвестициялық холдинг саналады. Мақсаты еліміздің ұлттық әл-ауқатын арттырып, экономиканы жаңғыртуға қолдау көрсету. Бүгінде қор активі шамамен $67 млрд құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ, көлік-логистика секторының, химия және атом өнеркәсібінің, тау-кен кешенінің, энергетика саласының кәсіпорындары кіреді. Ірі өндіріс орындарының басын қосқан «Самұрық-Қазынаны» Біріккен Ұлттар Ұйымы да тұрақты даму бағытындағы шаралар бойынша жоғары бағалап, әлемнің озық 20 қорының тізіміне қосып отыр. 

Автор: Қорған Төреқожа

Хабар 24 телеарнасы