427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Оңтүстік Корея кәсіпкерлерінің қатысуымен инвестициялық форум өтеді

  • 70
  • UPD: 14:44, 11.10.2020

Оңтүстік Корея компаниялары елордада құны 5-тен 75 миллион долларға дейін баратын бірлескен бизнес-жобаларын ұсынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Келесі айда ел астанасында инвестициялық форум өтеді. Корей кәсіпкерлерімен Сеулдегі меншікті тілшіміз Владислав Цой кездесіп, іскер топ өкілдерімен жобаларымен танысты.

Владислав Цой, тілші:

- Ауылшаруашылық компаниясының басшысы Ким Ки Чон Қазақстанға алғашқы сапарына дайындалып жатыр. Кәсіпкер елордадағы жиында дақылдарға зиян келтірмей арамшөптерді жоятын өнімді ұсынады.

Ким Ки Чон, агробиотехникалық компания президенті:

- Бұл өнім табиғи крахмал мен жүгері шырыны негізінде жасалады және адам ағзасына және топыраққа қауіп төндірмейді.

Владислав Цой, тілші:

- Аграрлық компанияның тағы бір өнімі – топырақты қорғауға арналған органикалық пленка. Оны полиэтиленнен ажырата алмайсыз. Ол ыстық суда ериді. Дәл осылай егін жиналғаннан кейін бұл крахмалдан жасалған пленка еріп, жерде қалады.

Қазақстанға іскерлермен бірге әртістер де келеді. Олардың арасында Кореяның Гиннес рекордтар кітабына енген иллюзионист Ким Чон мен опера және эстрада әншісі Джемма Ким бар. Джемманы Қазақстанға саяхаттауға Димаш шабыттандырды.

Джемма Ким, әнші:

- Димаш туралы көп естідім. Ол әдемі ән айтады. Менде жоғары дауыспен ән айта аламын, ал Димаш төменнен бастайды, содан кейін кенеттен контртенорға айналады, ол өнер маған қатты әсер етті.

Ким Чон, иллюзионист:

- Егер Қазақстан мен Корея арасында мәдени қарым-қатынас нығайса, бұл экономикалық қатынастарға да әсер етеді.

Елордадағы форумға елуге жуық компания келеді. Олар Қазақстан аумағында жергілікті кәсіпкерлермен бірге киім, аяқ киім, косметика, қант пен ірімшік өндіретін бірлескен компаниялар құруға ниетті. Лифтті шығару және қалдықтарды энергияға айналдыру жобалары да ұсынылады.

Чон Чин Ён, Орталық Азия сауда палатасының төрағасы:

- Қазақстан астанасындағы вокзал жанынан косметикалық зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Бұл ең шағын жобамыз. Яғни, кореялық технологияларды қолдану арқылы Қазақстанда жасалған өнім болады. Қазақстан үкіметі бізге үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, шетелдік компаниялар үшін ағылшын тіліндегі заңнама жасалды. Бұл басқа елдерде жоқ.

Корея кәсіпкерлері өнім үлгілерін елордаға алып келуді жоспарлап отыр. Форум 21-24 қараша аралығында өтеді.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы