427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«ҚазАгро» ҰБХ аграрлық несие корпорациясы балық кәсібі бойынша 10 шаруашылыққа демеу көрсетпек

  • 159
  • UPD: 16:34, 12.10.2020

«Аграрлық несие корпорациясы» шалғайдағы ауыл тірлігін жанданырып, іскер азаматтардың қатарын арттыруға ерекше сеп болуда.

Осы уақытқа дейін  аталған корпорация  қолдауымен 300-ге жуық инвестициялық жоба іске асырылыпты. Солардың ірілерінің бірі Шығыс Қазақстан облысында атқарылып жатыр. Бір ауылда ет бағытындағы мал өсіріліп, бордақылау алаңдары ашылғалы жатса, енді бірінде балық және балық өнімдерін экспорттау жолға қойылған.

«Аграрлық несие корпорациясының» қолдауымен жобасын жетілдірген жұрт көп. Солардың бірі – ет бағытында мал өсіретін «Елім-ай-Көкпекті» шаруа қожалығы. 2018 жылы кәсіп иесі «Аграрлық несие корпорациясынан» 600 миллион теңге жеңілдетілген несие алыпты. Осыған өз қаражатын қосып, 5 мың бас ірі қара алып, халықаралық талаптағы бордақылау алаңын ашады. Ол осындай көмек арқасында корпорация тек бір шаруашылыққа ғана емес, бүтін бір ауылдың болашағына жол ашуда дегенді алға тартады.

Болат Бекбердинов, «Елім-ай-Көкпекті» кәсіпорнының басшысы:

– Қазір 70 процент, тіпті 80 процент 30 жастағы адамдар жұмыс істейді, жұмыс барын, жұмыс жүріп жатқанын көріп бұл жерге жан-жақтан адамдар, отбасылар көшіп келіп жатыр.

Ал Самар ауылындағы «Кузьмич» кәсіпорны бекіре, албырт балықтарын өсіріп қана қоймай, балық етінің өнімдерін экспорттауға ден қойған. Екі жыл бұрын «Аграрлық несие корпорациясынан» жеңілдетілген несие алып, ең алдымен мұздатқыш, соңынан балықты өсіруге арналған арнайы тор сатып алған. Шаруашылық өнімдерін ел ішімен қатар шетел асырады. Корпорация ауылдықтардың нәсібін еселеуге осылай қолғабыс етуде.

Ербол Көбентаев, «Аграрлық несие корпорациясының» ШҚО филиалы директоры:

– Табыс әкелетін кез келген жұмыс, мал ұстау дейсіз бе, шаштараз немесе көлік жөндейтін жер ашамыз десе, соның бәріне «Аграрлық несие корпорациясы» көмек жасап жатыр. Биылғы жылы бізге берілген жоспарлар 100 процент орындалды.

Ауыл шаруашылығына берілген қаражат бүкіл ауылдың тынысына әсер етеді. Өйткені әрбір кәсіп иелерімен қатар кішігірім шаруашылықтардың да ісі өрге басары сөзсіз. Бірі малын асылдандырса, енді бірі жем-шөп сату ісін жолға қойып нәсібін табады. Ал болашағы бар ауылдың экономикаға қосар үлесі де мол.  

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы