429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әлеуметтік-экономикалық дамуы төмен облыстар аталды

  • 174
  • UPD: 18:58, 13.10.2020

Қыркүйек айында ел экономикасы жандана бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, нақты секторда өсім байқалады. Атап айтқанда, құрылыс, ақпарат және байланыс саласы, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіштер жақсарған. Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов осылай деді. Дегенмен карантинге дейінгі көрсеткіштерге жете алмай отырған салалар да бар.

Бүгінгі Үкімет отырысында өткен 9 ай қорытындыланды. Рас, кей саладағы көрсеткіштер былтырмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеп кетті. Оған карантиндік шектеулердің әсер еткені белгілі. Дегенмен қыркүйек айында экономиканың негізгі салалары жанданды. Әсіресе, нақты секторда өсім бар. Жалпы пандемия мен жаһандық экономиканың дағдарысына қарамастан Қазақстан экономикасының жекелеген көрсеткіштері біртіндеп жақсарды деді премьер-министр Асқар Мамин.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– 9 айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салалары бойынша өсу серпіні сақталып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде өсім – 3,3 процент. Оның ішінде фармацевтикада 39,8 процент, дайын металл өндірісінде 18,9, машина жасауда 16,6, оның ішінде автомобиль жасау 51,6. Қағаз өнімдері 15,1 және жеңіл өнеркәсіпте 14, 1 процент.

Ұлттық экономика министрінің мәліметіне сай, 9 айда Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласында әлеуметтік-экономикалық даму байқалады. Ал Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстандағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

Руслан Дәленов, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажет. Инвестициялық жобалар бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізуді қамтамасыз ету. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Индустрияландыру» және «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жобаларды белсенді іске асыру. Бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары аясында несиелендіру үшін шағын және орта бизнес жобаларын жедел іріктеу және қарастыру.

Қазіргі қысылтаяң кезеңге қарамастан құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Орындалған жұмыс былтырмен салыстырғанда 10 процентке көп. Сәйкесінше, баспана мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері тек «7-20-25» бағдарламасы бойынша 24 мыңға жуық өтінім мақұлданыпты. 

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

– Ұлттық Банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 8 қазанда 280,5 млрд теңгеге 23 935 өтінім мақұлданды, оның ішінде 219,4 млрд теңге сомасына 18 822 қарыз берілді.

Бұдан бөлек, «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасы бойынша биыл 42 736 өтінім мақұлданды. Берілген қарыз мөлшері – 294 миллиард теңгенің шамасында. Ерболат Досаев алдағы уақытта да Ұлттық банктің тұрғын үй құрылысын қаржыландырып, қолдай беретінін айтты.

Хабар 24 телеарнасы