427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде алтын құймалардың басым бөлігін алматылықтар сатып алған

  • 78
  • UPD: 14:06, 15.10.2020

Қазақстандықтар 9 айда 13,2 мың алтын құймасын сатып алған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2,5 мыңға артық. Ұлттық банктің мәліметі бойынша инвестициялаудың сенімді құралы саналатын алтын құймалардың едәуір бөлігін алматылықтар сатып алыпты.

Осы жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейінгі аралықта ел тұрғындары  екінші деңгейлі банктерден және банктік емес айырбастау пунктерінен 13208 өлшеуіш құйма  сатып алған. Олардың жалпы салмағы 566 килограмнан асады. 

Сәкен Тәжиев, ҚРҰБ қолма-қол ақша айналысы департаменті қорларды талдау және жоспарлау басқармасының бас маманы:

- Қыркүйек айында  жалпы салмағы 65,2 кг болатын 1480 өлшеуіш құйма сатылды. Алтын құймалары 5 түрде ұсынылған. 5,10, 20, 50 және 100 грамдық. Сатып алушылар арасында салмағы 10 грамдық құйма ең көп сатып алынады. Сатудың жалпы көлемінен оның үлесі 25 пайыз, яғни 8701 дананы құрайды.

Алтын құймаларды сатып алуда Алматылықтар көш бастап тұр. Жыл басынан бері сатылған құймалардың 55 пайызы мегаполис тұрғындарының еншісінде.  Одан кейін Атырау, Нұр-Сұлтан қалаларында көп сатып алынған. 

Сәкен Тәжиев, ҚРҰБ қолма-қол ақша айналысы департаменті қорларды талдау және жоспарлау басқармасының бас маманы:

- Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі тазартылған алтынның өлшемдік құймаларын сату және кері сатып алу халыққа арналған бағдарламасын 2017 жылы іске қосты. Барлығы 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 1,25 тонна құрайтын 34688 өлшеуіш құйма сатылды. Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап,  жалпы салмағы 3,2 кг құрайтын 119 өлшеуіш құйма кері сатып алуға қабылданды.

Алтын құймалары – инвестициялаудың сенімді құралы. Бірақ кері қайтару үшін сатып алынған құйманы ұқыпты сақтау және орауды ашпау  маңызды. Себебі әрбір құйма қорғаныш элементтерімен және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы орауда шығарылады. Қорғаныш орауы да құйма сапасының серитификаты болып есептеледі.

Автор: Алуа Маханбет

Хабар 24 телеарнасы