428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенат ЕАЭО елдері үшін кедендік әкелу баждарының көлемін анықтайтын заң қабылдады

  • 68
  • UPD: 14:56, 15.10.2020

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті.

Отырыс барысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекелеген халықаралық шарттардың қолданысын өзгерту және тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

«Еуразиялық экономикалық одақ Елбасымыздың бастамасымен құрылды. Оның жұмысын өркендетуге Мемлекет басшысы да баса мән беріп отыр. Еуразиялық экономикалық одақ, ең алдымен, экономикалық дамуды, тауар айналымын арттыруды және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді көздейді. Бүгін қабылданып отырған заң жаңа кедендік баждарды белгілеу арқылы жоғарыда аталған мақсаттарды іске асыруға үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

ЕАЭО елдері арасындағы кедендік әкелу баждарын бөлудің жаңа нормативтері туралы депутат Сергей Карплюк айтып берді. Хаттама бойынша Беларусь Республикасы үшін кедендік әкелу баждарын бөлу нормативі көбейтілген. Себебі, Беларусь елінде кедендік баждарды жинау коэффициенті бөлу нормативінен көп. Ал Қазақстан импорттың қазіргі көлемін сақтаған жағдайда сальдо бойынша оң көрсеткішке қол жеткізеді.

«Хаттама арқылы құзіретті органдардың кедендік әкелу баж сомаларын түсіруді және бөлуді дұрыс орындауын, олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджет кірісіне аударуын бақылау тәртібі туралы ереже және ақпарат алмасу мәселелері анықталады», – деді Сергей Карплюк.

Сонымен қатар отырыста сенаторлар бірқатар депутаттық сауал жолдады. Сенат вице-спикері Асқар Шәкіров пен депутат Ләззат Сүлеймен тұрғын үй саясатын іске асырудағы проблемаларды көтерді. Еділ Мамытбековтің сауалында өнеркәсіп саясатына, оның ішінде «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысты мәселе қозғалды. Өз кезегінде сенатор Ольга Булавкина шекара маңындағы ауылдардағы жағдайға назар аударды.

Хабар 24 телеарнасы