429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан-Украина іскерлік байланысын нығайтуға бағытталған форум өтті

  • 55
  • UPD: 13:18, 16.10.2020

Киевте Қазақстан мен Украина арасындағы бизнес байланысты нығайтуға бағытталған форум өтті. Қос тарап машина-құрастыру, фармацевтика және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу технологиясына қатысты 3 меморандумға қол қойды. Қазақстан мен Украинаның сауда-инвестициялық байланысы кеңінен талқыланып, Украинаның іскер топ өкілдеріне еліміздің бизнес климаты таныстырылды. 

Үш күн бойы Қазақстан мен Украинаның бизнес өкілдері жүзден астам «B2B» форматындағы кездесу өткізуді жоспарлайды. Қос тараптың іскер топ өкілдері - тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машинақұрастыру, фармацевтика, химия әрі айти саласының өнімдерін өзара алып сату бойынша уағдаластыққа қол жеткізуді көздейді. Пандемия екі елдің бизнес байланысына сызат түсіргені рас, бүгінгі басқосу сол олқылықтың орнын толтыруға барынша күш жұмсайтын болады. 

Біржан Қанешев, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:

- Бүгін біз Украинаның бизнес  өкілдеріне Қазақстан мемлекетінің инвесторларға ұсынатын артықшылықтарын көрсеттік. Мәселен, Украина бизнесін біздің елде ашатын болса, жобаның өзіндік құны 30 процентке дейін төмендейтін болады, бұл шет ел кәсіпкерлері үшін өте тиімді ұсыныс.

Евгений Енин, Украина сырты істер министрінің орынбасары:

- Қазақстан Үкіметінің шет ел инвесторларына ұсынатын мүмкіндіктері бізді әрине қызықтырады. Әсіресе халықаралық инвестициялар орталығын құруға қатысты Қазақстан тәжірибесіне мән беріп отырмыз. 

Украина мен Қазақстанның сауда байланысына ең алдымен транзит, яғни жол мен логистика  көп кедергі келтіріп тұрғанын екі ел кәсіпкерлері атап өтті.  Әсіресе Қазақстанда жұмыс жасайтын сүт және құс фермаларына қажетті Украиналық жабдықтар Ресей шекарасы арқылы өте алмайды, сондықтан соңғы 2 жылда  елімізге жөнді жеткізілмей тұр. Дей тұрғанмен, тасымалдауды тіпті қажет етпейтін тауарлардың саудасына да мән беруіміз қажет дейді Украина тарабы.

Денис Красников, Украина өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының вице-президенті:

- Украинаның айти нарығына да назар аудару қажет. Бұл қызмет түрі транзитті қажет етпейді. Қырғыз бен өзбек елдері біздің банк секторындағы өнімдерімізді тұтынып келеді. Қазақстанның қаржы ұйымдарымен де ынтымақтастықты қарастырып жатырмыз. 

Украина кәсіпкерлер одағының құрамында 240 өнеркәсіп тіркелген. Қазақстанмен бірігіп жұмыс жасайтын Украина кәсіпорындарының саны жиырмаға ғана жетеді. Біріккен фирмалардың қатарын көбейтіп, логистика мәселесін шешу жолдары 23 қарашада Көкшетау қаласында өтетін Ресей мен Қазақстан бизнес форумында күн тәртібіне тағы да шығарылмақ. Бұл іс-шарада Қазақстан тарабы Ресей билігінен Украина тауарларын өз шекарасы арқылы біздің елге өткізу жолдарын қарастыруды көтеретін болады.

Хабар 24 телеарнасы