422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркия Қазақстанда агроөнеркәсіп орындарын ашады

  • 125
  • UPD: 18:34, 20.10.2020

Түріктің жетекші агроөнеркәсіп компаниялары елімізде жаңа өндіріс орындарын ашпақ. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың осы елге жасаған сапары барысында белгілі болды. Министр сала басшыларымен кездесіп, бірқатар келісімге қол қойды.

Түркия әлемде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын жетекші елдердің бірі саналады. Бұл ел жыл сайын сыртқа 16 миллиард доллардың өнімін шығарады. Қазақстан Түркияның тың тәжірибесі мен технологиясын қолданып көрмек. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың сапары аясында бірқатар келісімге қол қойылды. Солардың бірі Түркістан облысында ветеринария препараттары мен вакциналар шығаратын зауыт салынады. Құрылысты түріктің осы саладағы алдыңғы қатарлы компаниясы жүргізеді. Аталмыш кәсіпорын қазір 45 түрлі вакцина шығарып, оны бірқатар мемлекеттерге экспорттап отыр.  

Төрегелді Қалмұратов, компания құрылтайшысы:

- Біз инвестиция тарту жөнінде үш этапқа бөліп келісімге тұрдық. Оның біріншісі 2020 жылы құрылыс жұмыстарын бастап, 2021 жылы іске қосу. 7 млн долларға арналған жоба одан кейін 25 одан кейін тағы 18  млн жалпы қосқанда 50 млн долларды осы Веталь компаниясы инвестиция жасап отыр. Бұл отандық вакцина зауыты болып табылады. 90 пайыз жұмыс күші отандық болады. 

Абдулла Тутар, компания құрылтайшысы:

- Түркиядағы ветеринариялық препараттар мен вакциналар шығаратын алғашқы зауытпыз. Өнімді 13 елге экспорттаймыз. Сіздердің елде мал шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан, оларды әртүрлі сырқаттардан қорғау керек. Қазақстанда іске қосылатын зауыт алдағы уақытта көршілес мемлекеттерді де өніммен қамтуға қауқарлы болады. Бірінші кезеңде 75, кейін 300 адамға жұмыс орыны ашылады. 

Коронавирус пандемиясы азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласы маңызды әрі стратегиялық бағыт екенін тағы бір рет көрсетті. Әсіресе, жеміс- жидектің халық саулығында маңызы зор. Жеміс өндіру сапасы тікелей көшет өсірумен байланысты. Сондықтан, Алматы облысында алма көшетін өсіру питомнигін салу туралы келісімге де қол қойылды.

Серік Садықов, ҒЗИ басқарма басшысы:

- Құны 20 млн доллардан асатын жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойдық. Оның 1 млн долларын инвестор бүгін беруге даяр. Біз Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарын жеміс көшеттерімен қамтимыз. Осы жоба аясында ағаштардың саулығын қамтамасыз ететін арнайы лаборотория да салынады. Жоба жүзеге асқанда 140 жаңа жұмыс орыны ашылады. 

Атилла Каплан, компания басқарма басшысы:

- 1993 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейміз. Қазір осы салада Түркиядағы ең ірі үш компанияның біріміз. Енді келісім аясында Қазақстанда жеміс-жидек өсіруді қолға аламыз. Тек Қазақстанды ғана емес, көршілес елдерді де өніммен қамту жоспарда бар. 

Екі ел арасында өзге де бірқатар келісім жасалды. Солардың бірі, Павлодар облысында қант өндіретін зауытты іске қосу қарастырылған. Құлпынай, қант қызылшасы, майлы дақылдар өсіру үшін түрік кәсіпкерлері Қазақстанға қаржы салуға ниетті. Келісім аясында елімізде ірі интенсивті жеміс бақтарын егу және қайта өңдеу кәсіпорнын салу көзделген.

Хабар 24 телеарнасы