423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлттық банк: Халықтың салымдарын долларсыздандыру тренді сақталды

  • 196
  • UPD: 16:48, 26.11.2020

Қалыптасқан жағдайға қарамастан ұлттық валютамыз тұрақты.

Яғни, әлемде коронавирусқа қатысты ахуал қайта ушыққанымен, теңге бағамы орнықты деңгейде қалып отыр. Сондай-ақ халықтың салымдарын долларсыздандыру тренді сақталды. Сарапшылар бұны Үкімет пен Ұлттық банктің экономиканы қолдауға бағытталған шараларының нәтижесі деп түсіндіреді.

Аслан Қаженов, тілші:

- Дәл қазір ішкі нарықта шетел валютасына үлкен сұраныс байқалмайды. Сауда-саттық көлемі күніне 90-130 млн доллар. Яғни карантиннен кейінгі кезең шегінде қалып отыр. Сондай-ақ халықтың салымдарын долларсыздандыру тренді сақталды.

Нұржан Тұрсынханов, ҚҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры:

- Егер жыл басында жүйедегі салымдардың 57%-і теңгемен болса, тамыз айының соңында бұл көрсеткіш 60%-ке дейін өсті. Көпшілік теңгені таңдап жатыр. Қаржыны ұлттық валютада сақтағанды дұрыс санайды. Өйткені теңгенің пайыздық мөлшерлемесі әлдеқайда жоғары.

Расымен де қазір ұлттық валютадағы депозит түріне байланысты ставка 10%-тен асады, ал доллар үшін нөлден сәл асқан пайыз. Басқа жағынан энергия тасымалдаушылар коронавирустың екінші толқыны тудыруы мүмкін тәуекелдерді бағаға қоса бастады. Салдарынан қыркүйектен бастап мұнай бағасы барреліне шамамен 3%-ке төмендеді. Бұл өз кезегінде дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті.

Нұржан Тұрсынханов, ҚҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры:

- Теңгеге әсер ететін фактор дамушы елдердің валюта бағамы. Мысалы, АҚШ долларына қатысты түрік лирасы 7,3%-ке, рубль 5,2%-ке, ал Бразилия реалы 2,2%-ке әлсіреді. Аталған валюталар жалпы трендті айқындайды. Сол себепті олардың әлсіреуі немесе нығаюы теңгеге әсер етпей қоймайды.

Елдегі инфляциялық таргеттеу саясатын ескере отырып, сарапшылар теңгенің құбылуы қалыпты жағдай екенін айтады. Ұлттық банк айырбастау бағамының жай-күйіне мониторинг жасап отырады. «Күрт өсу байқалған кезде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін араласуға дайынбыз», - деді Ұлттық банк өкілі.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы