422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда жазасын өтеушілер джинсы шалбарын тігеді

  • 113
  • UPD: 09:34, 25.10.2020

Павлодардағы АП - 162/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқандар жаңа кәсіпті игеріп жатыр. Ауыр қылмыс жасап, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылғандар кәдімгі джинсы шалбарларын тігеді. Мекемеде  жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасалған.

Әлиәскер Мәліков, жазасын өтеуші:

- Біз үшін киімнің дұрыс пішілгені маңызды. Қайшы қолданбаймыз. Оның бәрін станок атқарады. Қажетті пішінді бағдарламаға енгіземіз. Бұл станок металдан басқаның бәрін кеседі.

Заманауи құрылғының мүмкіндіктерімен таныстырып отырған Әлиәскер Мәліковтың жасы 25-те. Бостандықта жүргенде жеке бизнесі болған. Ұзақ мерзімге сотталған ол, темір торда да қарап отырмай кәсіп ашыпты. Шағын цехта қазір төрт адам жұмыс істейді. Ең бастысы, тауарға сұраныс бар.

Еркінбек Әбди, жазасын өтеуші:

- Жиырмадан асты тіккенімізге. Ары қарай дұрыс болатын шығар. Қолымыз енді ғана жаттығып жатыр. Енді келесі де тағы джинсы ма, басқа заттарды алатын шығармыз. Бір жағынан ойымыз бөлінеді. Жұмысқа келеміз, уақыт тез өтеді. Сосын айналысамыз бірдеңемен осылай жұмыста. Бір-бірімізге қарым-қатынасымыз жақсарады.

Еркінбек Әбдидің негізгі мамандығы электрик. Келтірілген шығынды өтеп, отбасына қарайласу үшін тігіншілікті қолға алған. Бұл жұмыс таңдайтын жер емес. Дегенмен, мекеме басшылығы әрбір сотталғанның мүмкіндігіне қарай жұмыс тауып беруге тырысады. 

Сұлтан Бакин, АП -162/4 түзету мекемесі басшысының тәрбие жөнінен орынбасары:

- Этаппен келгенде тергеу изоляторына карантиннен бастап жеке ісін біз оқимыз. Сол карантинде жатқан сотталғанмен сөйлесеміз. Кім не істей алатынын байқаймыз, қараймыз және куәліктерін қараймыз. Дипломдары қандай бар. Оқыды ма? Оқыған жоқ па? Және бірінші кімде иск бар. Искі барларды жұмысқа аламыз.

Бүгінгі күні  АП - 162/4 мекемесінде 600-ге жуық адам жазасын өтеп жатыр. Олардың тек 128-і ғана жұмыспен қамтылған. Карантин кезінде сотталғандар обаға қарсы киетін костюмдер мен жаппай медициналық маска тігуге көшті. Ал олар жасаған залалсыздардыру бекеттері барлық мекемелердің кіреберісіне қойылды.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы