423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында су тұшытатын зауыт салынып жатыр

  • 134
  • UPD: 23:05, 29.10.2020

Жоба құрылысының 35 проценті аяқталды. Нысан келер жылдың бірінші тоқсанында іске қосылуы тиіс. Компания мұнай шығару үшін өңделген жер асты суын пайдаланады. Ал Еділ өзенінен келетін су өңір тұрғындарына беріледі. Бұл аймақтағы су тапшылығын азайтуға септігін тигізеді. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «Қаражанбас» уақытша сақтау полигонына жиналатын қалдықтарды да кәдеге жаратады.

Қаражанбас кенорны «Астрахань-Маңғыстау» су құбырынан тәулігіне 17 мың жарым текше метр су алады. Жерасты нәрін тұшытатын зауыт салу осы тәуелділіктен босатып ғана қоймай, бірқатар технологиялық мәселелерді де шешеді. Компания мұнай өндіру көлемін 700 мың тоннаға арттыруды жоспарлап қойған. Сондай-ақ ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеуді азайту, грифондардың пайда болуын шектеу күн тәртібінде тұр.

Мейірбек Отаров, «Қаражанбасмұнай» АҚ құрылыс жұмыстарын қадағалау инженері:

-Тұщы суды аламыз да буға айналдырамыз. Буды жерге айдайды да сол кезде мұнайды шығарамыз. Жолшыбай су дейді ғой, мұнаймен бірге шығатын суды. Енді соны тазарту керек, тұшыту керек. Сол үшін осындай ерекше зауытты салып жатырмыз. Жоспар бойынша мұнда 54 адам жұмыс істейді.

Кеніште мұнаймен тарихи ластанған жерлердің жалпы көлемі 350 гектарды құрайды. Қазір оның 143 гектары тазаланды. Жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Бұдан өзге 70-жылдары теңіз жағалауы аймағында бұрғыланған 11 ұңғыма жабылды. Өндірістен шыққан қалдықтардың уақытша сақтау полигондарына жиналатынын айта кетейік. Бүгінге дейін оларда 180 мың тонна қалдық сұрыпталып, кәдеге жаратылған.

Еркебұлан Оспанов, «Қаражанбасмұнай» АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:

- Қазір ешқандай қалдық жоқ. Тек қана полиэтилен пленка дейді, ұңғымаларды жөндеу кезінде пайда болған қалдықтар. Сұрыптап, арнайы мердігер компания бар, соған тапсырыс беру арқылы уақытында жолданып тұрады. Полигон 2001 жылдан іске қосылып, жұмыс жасап тұр. Сыйымдылығы 85 мың, оның ішінде мұнай қалдықтарын сақтайтын картаға 65 тонна сияды. Сонымен қатар екі карта бар. Бұл бұрғылау қалдықтары. Сыйымдылығы 10 мыңнан. Барлық экологиялық рұқсаттарымыз, құжаттарымыз бар. 

Былтыр Қазмұнайгаз бен министрлік қоршаған ортаны қорғау бойынша ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойды. Оған сәйкес еншілес кәсіпорындарға мұнаймен ластанған жерлерді тазалау, жабдықталмаған шлам жинағыштарда қалдықтарды кәдеге жарату мен қайта өңдеу міндеті жүктелді. Жалпы «Қаражанбас» компаниясы экологиялық қызметіне жыл соңына дейін 480 млн жуық теңге жұмсамақшы.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы